Қазақстанда соңғы үш жылда интернет-алаяқтық қылмыстарының саны 40%-ға төмендеді. Осы кезеңде мұндай істерді ашу көрсеткіші 29,9%-ға өсті. Кибералаяқтықпен күресте қаржы операцияларын бақылау жүйелері жетілдіріліп, азаматтардың дербес деректерін қорғауға қатысты талаптар күшейтілді, деп хабарлайды Tech-news.
Ұлттық банктің Антифрод-орталығы күмәнді қаржы операцияларын анықтап, алаяқтық жолмен алынған ақшаны бұғаттауға көмектеседі. Соңғы жылдары жүйе арқылы 117 млрд теңгеден астам қаражат бұғатталған. Ал жәбірленушілерге 5,9 млрд теңге өтелген.
Алаяқтық схемаларына қатысы бар адамдардың жауапкершілігі де күшейтілді. Атап айтқанда, дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Дропперлер — өздерінің банк шоттарын немесе карталарын басқа адамдарға ақша аудару және заңсыз қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдалануға беретін тұлғалар.
Қазақстанда азаматтардың дербес деректерін қорғауға қатысты құқықтық кепілдіктер күшейтілді. Медициналық, банктік және басқа да маңызды ақпарат сақталатын дерекқорларға қол жеткізу кезінде биометриялық сәйкестендіру талаптары енгізілді.
Сонымен қатар ұйымдар дербес деректердің таралып кеткені туралы азаматтарға хабарлауға міндетті. Еңбек кодексіне қызметкерлердің кибергигиена бойынша білімін арттыруға бағытталған нормалар енгізіліп, маңызды ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарының киберқауіпсіздігін бақылау Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүктелді.
Киберқауіптерден қорғану үшін қазақстандықтарға бірнеше цифрлық құрал қолжетімді.
- «Стопкредит» — eGov Mobile қосымшасындағы сервис. Ол азаматтарға өз атына несие рәсімдеуден ерікті түрде бас тартуға мүмкіндік береді. 2026 жылғы 1 маусымдағы мәлімет бойынша, бұл қызмет 6,3 млн рет пайдаланылған.
- eGov-тағы қол жеткізуді бақылау қызметі — азаматтарға дербес деректерін өңдеуге берілген келісімдерді тексеруге және қажет болған жағдайда кері қайтарып алуға мүмкіндік береді.
- NomadGuard — деректердің таралуын тексеруге және фишинг белгілерін анықтауға арналған құрал.
- eGov және CitizenSec платформалары — киберсауаттылықты арттыруға арналған оқу материалдары мен курстарды ұсынады.
Мамандардың негізгі кеңесі — SMS арқылы келген растау кодтарын, құпиясөздерді және банк картасының деректерін бөгде адамдарға бермеу. Күмәнді сілтемелерді ашпас бұрын олардың мекенжайын тексеріп, маңызды аккаунттарда екі факторлы аутентификацияны қосқан жөн.
Цифрлық сервистердің дамуы мен қауіпсіздік талаптарының күшеюі алаяқтық тәуекелдерін азайтуға көмектеседі. Алайда азаматтардың жеке сақтығы да маңызды: ешбір қорғаныс жүйесі интернеттегі қауіптерді толық жоя алмайды.










