Қазақстанда Яндекс сервистерінің кейбірі уақытша істемей немесе қателермен жұмыс істеуі мүмкін. Вице-премьер әрі жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевтің айтуынша, компания сервистердің тұрақты жұмысын қалпына келтіруге кіріскен. Толыққанды жұмыс режиміне оралу үшін екі-үш күн қажет болуы ықтимал, деп хабарлайды Tech-news Kazinform-ға сілтеме жасап.
Министр бұл туралы агенттік тілшісіне берген түсініктемесінде айтты. Қазір Яндекс сервистері жұмыс істеп тұрғанымен, кейбір функцияларында ақаулар болуы мүмкін.
Бұған дейін Yandex Go Kazakhstan баспасөз қызметі іркілістердің ықтимал себебін түсіндірген. Компанияның мәліметінше, ақаулар үлестірілген есептеу инфрақұрылымының жекелеген компоненттеріндегі бұзылыстарға байланысты болуы мүмкін.
Сонымен қатар Yandex Cloud бұлтты платформасы да қызметтерінде іркілістер болғанын хабарлады. Бұған электр қуатының үзілуі себеп болған. Ақау Ресейдегі ru-central1-a қолжетімділік аймағында тіркелген.
Қазір техникалық мамандар мәселені шешіп, сервистердің қалыпты жұмысын қалпына келтірумен айналысып жатыр.










