Microsoft сервистеріндегі жаһандық ақау 74 ел мен аймақтағы пайдаланушыларға әсер етті. Outlook, Teams және Copilot қызметтеріне қол жеткізуде қиындықтар туындап, ақау бірқатар компанияның жұмысына да кедергі келтірді, деп хабарлайды Tech-news.
Downdetector платформасының мәліметінше, пайдаланушылар Microsoft сервистеріндегі үзілістерге жаппай шағымданған. Әсіресе электрондық поштаға кіру және корпоративтік байланыс құралдарын пайдалану кезінде қиындықтар байқалды.
Ақау Microsoft-тың Exchange Online пошта қызметіне де әсер етті. Компания Microsoft 365 Status парақшасында Солтүстік және Оңтүстік Америкадағы пайдаланушылардың әртүрлі қосылу тәсілдері арқылы пошта жәшіктеріне кіре алмай жатқанын хабарлады. Кейін мәселе басқа аймақтарда да туындауы мүмкін екенін ескертті.
Microsoft түсіндіруінше, мәселе бірқатар аймақтағы инфрақұрылымға түскен жоғары жүктемеден туындаған. Алайда компания бұл жағдайды пайдаланушылар санының немесе интернет-трафиктің күрт өсуімен байланыстырмады.
Ақауды жою үшін Microsoft деректер ағынын балама желілік бағыттарға қайта бағыттаған. Осы шарадан кейін сервистердің жұмысы біртіндеп қалпына келе бастаған.
Жүйедегі іркіліс тек жеке пайдаланушылармен шектелмеді. Reuters агенттігінің хабарлауынша, электр жүк көліктерін шығаратын америкалық Workhorse Group компаниясы бағдарламалық қамтамасыз етудегі ақауларға байланысты тоқсандық қаржылық есебін жариялауды 16 қарашаға шегерген.
Мәселе OpenAI мен Anthropic компанияларына да әсер етті. Екі ұйым да Microsoft 365 инфрақұрылымымен жұмыс істейтін коннекторларында іркілістер болғанын хабарлады.
Коннекторлар — әртүрлі қосымшалар мен сервистерді өзара байланыстырып, олардың арасында ақпарат алмасуды қамтамасыз ететін құралдар. Microsoft жүйесіндегі ақаудың салдарынан бұл интеграциялар күткендей жұмыс істемеген.
Осы жағдай бұлттық сервистердің ірі компаниялардың күнделікті жұмысы үшін қаншалықты маңызды екенін тағы көрсетті. Бір инфрақұрылымдағы ақау электрондық поштадан бастап корпоративтік байланыс пен жасанды интеллект құралдарына дейінгі көптеген қызметтің жұмысына әсер етуі мүмкін.










