TechОбщество

Air Astana ұшағында спутниктік интернет іске қосылды

Air Astana Алматыдан Ташкентке жоғары жылдамдықты спутниктік интернетпен жабдықталған алғашқы ұшағын ұшырды. 2026 жылғы 29 қазанда алғашқы рейсін орындаған Airbus A321LR бортына Wi-Fi жүйесі орнатылған, деп хабарлайды Tech-news. 

Жоба спутниктік байланыс қызметтерін ұсынатын халықаралық SES компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Жабдықты ұшаққа Air Astana компаниясының техникалық мамандары орнатады.

Әзірге борттағы интернет барлық жолаушыға тегін қолжетімді болады. Жарнамалық кезең 2027 жылғы 31 қаңтарға дейін жалғасады.

2027 жылғы 1 ақпаннан бастап тегін Wi-Fi бизнес-класс жолаушыларына және Nomad Club бағдарламасының Gold пен Diamond мәртебесі бар мүшелеріне ұсынылады. Бағдарламаның барлық қатысушысы мессенджерлерді тегін пайдалана алады. Қалған жолаушылар интернетке ақылы пакеттер арқылы қосылады.

Airbus A321LR ұшақтарының барлығын жоғары жылдамдықты Wi-Fi жүйесімен жабдықтау жұмыстары 2027 жылы кезең-кезеңімен жалғасады.

Қазақстанда көліктегі интернет кеңейіп келеді

Ұшақтарға спутниктік интернет орнату — Қазақстанда жол үстіндегі байланыс сапасын жақсартуға бағытталған жобалардың бірі. Былтыр Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі пойыздар мен ұшақтарда интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету міндетін қойған еді. Қазір спутниктік байланыс теміржол көлігінде де қолданыла бастады.

Қазақстан аумағының үлкендігін ескерсек, спутниктік технологиялар шалғай аймақтарда және дәстүрлі байланыс инфрақұрылымы жеткіліксіз жерлерде интернетке қосылуға мүмкіндік береді. Әуе рейстерінде бұл жолаушыларға сапар кезінде отбасымен, әріптестерімен байланыста болуға және цифрлық сервистерді пайдалануға жағдай жасайды.

Жобаны іске асыру үшін министрлік халықаралық спутниктік операторлармен, уәкілетті органдармен және нарық қатысушыларымен бірлесіп жұмыс жүргізген. Атап айтқанда, геостационарлық емес спутниктік жүйелерді пайдалануға қатысты заңнамалық және реттеушілік талаптар пысықталды. Әуе және су көлігінде спутниктік байланысты қолдануға арналған арнайы шарттар қарастырылып, технологияны енгізуге кедергі болған шектеулерді жою жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге операторлардың Қазақстан заңнамасы мен қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселелері келісілді.

Премьер-министрдің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, соңғы бір жылда ұшақтарда спутниктік интернетті іске қосуға қажетті реттеушілік жағдайларды қалыптастыруға басымдық берілген. Халықаралық серіктестермен жүргізілген жұмыс технологияны тәжірибе жүзінде енгізуге мүмкіндік берген.

Air Astana ұшағында Wi-Fi жүйесінің іске қосылуы — осы жұмыстың алғашқы нақты нәтижелерінің бірі. Алдағы уақытта спутниктік байланысты көлікте ғана емес, Қазақстанның шалғай және жетуі қиын аудандарында да кеңейту көзделіп отыр.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *