Қазақстанның Qajet такси шақыру сервисіне отандық цифрлық карталар мен навигациялық технологияларды енгізу жоспарланып отыр. Жоба қазақстандық геосервистерді коммерциялық мақсатта сынақтан өткізіп, елдегі навигациялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған, деп хабарлайды Tech-news.
Бұл мәселе ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен өткен жұмыс тобының отырысында талқыланды.
Министрлік «Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығы» РМК-ның (Қазгеодезия) цифрлық карталары мен геосервистерін Qajet платформасына біріктіру мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Интеграция нәтижесінде сервис Қазгеодезияның цифрлық карталарын пайдаланып, бірнеше навигациялық функцияны жетілдіре алады. Олардың қатарында мекенжайларды іздеу, нысандардың орналасқан жерін анықтау (геокодтау) және бағыттарды құру бар.
Бұл шешімдер такси қызметінің күнделікті жұмысында тексеріліп, отандық геосервистердің тиімділігі бағаланады.
Жобаның негізі ретінде Кеңістіктік деректердің ұлттық инфрақұрылымы аясында әзірленген картографиялық ақпарат пен Қазгеодезияның жеке цифрлық шешімдері қолданылады.
Жұмыс тобының отырысында карталардағы жол желісі туралы ақпараттың өзектілігіне, мекенжайлар мен нысандардың координаттарын дәл анықтауға және деректерді тұрақты жаңартып отыруға басымдық берілді.
Qajet-пен интеграциялау – қазақстандық картографиялық технологияларды нақты бизнес процестеріне енгізудің алғашқы қадамдарының бірі. Болашақта мұндай шешімдерді такси агрегаторларынан бөлек, жеткізу қызметтері, логистикалық компаниялар және басқа да цифрлық платформалар пайдалана алады.
Бастаманың басты мақсаты – мемлекеттік кеңістіктік деректерді экономиканың түрлі саласына енгізіп, Қазақстанда әзірленген навигациялық технологиялардың қолданыс аясын кеңейту.








