Авто

Tesla Германияда Cybercab роботаксилерін шығаруға $3,2 млрд инвестиция салады

Америкалық Tesla компаниясы Германиядағы Грюнхайде зауытын кеңейтіп, Cybercab деп аталатын жүргізушісіз таксилерді өндіруді жоспарлап отыр. Жобаға 3 млрд еуро (шамамен $3,5 млрд) инвестиция салынады. Болашақта кәсіпорын жылына 1 млн роботакси шығаруға қауқарлы болады, деп хабарлайды Tech-news. 

Жаңа өндірістік корпустың құрылысы 2027 жылдың бірінші жартысында басталмақ. Ал Cybercab көліктерін жаппай шығару 2029 жылға жоспарланған. Инвестиция көлеміне өндіріс ғимараттарынан бөлек, қосымша нысандар мен тазарту құрылыстарын салу да кіреді.

Өндіріс ауқымын ұлғайту үшін Tesla Германиядағы зауытына бірнеше жүз жаңа қызметкер іздеп жатыр. Компанияның мәліметінше, соңғы айларда кәсіпорынға тағы 2 мың адам жұмысқа қабылданған. Қазан айында Грюнхайде зауытындағы қызметкерлер саны шамамен 12 600 адамға жеткен.

Бұған дейін электромобильдерге сұраныстың төмендеуіне байланысты Tesla Германиядағы өндірісін кеңейту жоспарын уақытша тоқтатқан еді. Енді компания зауыттың өндірістік қуатын арттырып, аптасына 7 500 электромобиль шығаруды көздеп отыр. Сонымен қатар аккумулятор элементтерін өндіру көлемін де ұлғайтуды жоспарлаған.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *