2026 жылғы 12–15 мамыр аралығында Астана қаласында мектеп оқушыларына арналған Geo Star ұлттық география олимпиадасының финалдық кезеңі өтті. EcoForming экология және білім беру қоры ұйымдастырған айтулы додаға еліміздің түкпір-түкпірінен іріктелген, облыстық кезеңдерде үздік шыққан 7–8 сынып оқушылары қатысып, бақ сынасты, деп хабарлайды Tech-news.
Биылғы олимпиада оқушылардың теориялық білімін ғана емес, практикалық дағдыларын да сынауды көздеген. Жарыс бағдарламасы тестілік, мультимедиалық және далалық тапсырмалардан тұратын екі үлкен кезеңді қамтыды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, заманауи география тек жер бедері мен табиғатты емес, ғарыштық география сияқты жаңа инновациялық бағыттарды да зерттейді. Олимпиада тапсырмалары дәл осы пәнаралық байланысты тереңдетуге бағытталған.
Сонымен қатар, зияткерлік жарыс басталмас бұрын қатысушылар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасына қолдау көрсетіп, Астанадағы «Көктал» саябағына көшет отырғызды. Бұл шара олимпиаданың тәрбиелік және экологиялық мәнін арттыра түсті.

Олимпиада аясында оқушылар үшін ағылшын тілінде арнайы тур ұйымдастырылды. Бұл кезеңнің жеңімпазы Таиландта өтетін International Asian Championships Азия география чемпионатында ел намысын қорғау мүмкіндігіне ие болады. Былтыр бұл додада алматылық оқушы Ерік Ерлан бақ сынап, 14-орынға тұрақтаған болса, биыл халықаралық жолдама астаналық оқушы Қали Нұрсұлтанға бұйырды. Жарыс қорытындысы бойынша пікір білдірген Қали Нұрсұлтан биыл бәсеке өте жоғары болғанын және қарсыластарының дайындығы мықты екенін атап өтті. «Жалпы есепте үшінші орын алса да, ағылшын тіліндегі арнайы турда жеңімпаз атанғанын естігенде қатты таңырқап, ерекше қуандым. Бұл додаға ұзақ уақыт бойы дайындалған едім», – дейді Қали Нұрсұлтан.

EcoForming қорының басшысы Қанат Абашов жобаның басты мақсаты өскелең ұрпақтың география ғылымына деген ынтасын арттырып, олардың зерттеушілік қабілетін дамыту екенін айтады. Оның сөзінше, осы олимпиада оқушылардың география пәніне деген қызығушылығын оятып, бұл ғылымның заманауи әлемдегі маңызын насихаттауға, сондай-ақ жасөспірімдердің зерттеу машығын дамытып, білімін тереңдетуге үлкен септігін тигізеді.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Geo Star олимпиадасына деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді, тіпті биыл қатысушылар саны екі есеге өскен. Астанада өткен финалдық кезеңнің өзіне алпысқа тарта оқушы келіп қатысты.
Ауқымды білім бәйгесі Республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының және «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының әдістемелік сүйемелдеуімен өтті. Сондай-ақ, бұл шараға Chevron компаниясы бас демеуші ретінде қолдау көрсетсе, National Geographic Qazaqstan журналы контенттік серіктес ретінде атсалысты.










