2025 жылғы бюджет процесінің қорытындысы бойынша цифрландыру толық іске қосылмаған. Бұл туралы Әлихан Смайылов мәлімдеді. Жыл ішінде 2,4 трлн теңге қайта бөлініп, бірқатар жобалар қысқартылған, деп хабарлайды Tech-news.
Қазақстанда бюджет процесін цифрландыру әлі толық жұмыс режиміне өтпеген. Әлихан Смайыловтың айтуынша, жүйе әзірге іске асыру сатысында қалып отыр.
Қазіргі таңда республикалық бюджет қаражатын бақылау тек екінші деңгейдегі әкімшілеуге дейін ғана жүргізіледі. Ал шығындардың тиімділігін өлшейтін нақты цифрлық көрсеткіштер толық енгізілмеген.
Тағы бір мәселе — мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің өзара толық интеграцияланбауы. Соның салдарынан орталық пен жергілікті деңгейдегі деректер кей жағдайда сәйкес келмейді.
2025 жылы бюджет құрылымында 2,4 трлн теңге қайта бөлінген. Кей әкімшілер жекелеген бағдарламалар бойынша жоспарланған қаражаттың 90%-ына дейін қайта қараған.
Жыл ішінде республикалық бюджеттен 75 млрд теңге көлеміндегі 99 жоба алынып тасталды. Сонымен қатар 600-ден астам инвестициялық жобаның шамамен 20%-ы аяқталмаған күйде қалып отыр.
Қаржының тиімсіз пайдаланылуы 2024 жылмен салыстырғанда 1,7 есе өскен. Нәтижесінде қаражаттың игерілуі мен нақты көрсеткіштер арасында алшақтық сақталып отыр.
Жалпы деңгейде орталық органдар бюджет бағдарламалары көрсеткіштерінің шамамен 5%-ын, ал өңірлер 33%-ын орындамаған.
Сондай-ақ цифрландыру, ауыл шаруашылығы, су ресурстары және экология салаларында 11 ұлттық және 30-дан астам нысаналы индикаторға қол жеткізілмеген.










