Компаниялар жасанды интеллектіні тауар бағасын белгілеу және жеңілдіктерді жоспарлау үшін жиі қолдана бастады. AI алгоритмдері сұраныс пен қоймадағы қорды талдау арқылы қай өнімге, қашан және қанша жеңілдік жасау керегін анықтайды. Соның салдарынан биылғы Black Friday мен мерекелік сауда кезінде тұтынушылар бұрынғыдай үлкен жеңілдіктерге қол жеткізе алмауы мүмкін, деп хабарлайды Tech-news.
Reuters агенттігінің бес AI-технология әзірлеуші компаниямен жүргізген сұхбатына сәйкес, мұндай құралдар брендтерге жеңілдікті азайтып, табысын сақтауға мүмкіндік береді. Ал инфляция мен тарифтердің өсуінен онсыз да қымбатшылықты сезініп жүрген америкалық тұтынушылар үшін бұл қосымша шығынға әкелуі ықтимал.
Gap пен Under Armour сияқты брендтер жасанды интеллектіні тауар қорын басқару, бөлшек сауда бағасын белгілеу және жеңілдіктердің тиімділігін есептеу үшін пайдаланады. AI әзірлеушілерінің айтуынша, алгоритмдер кей жағдайда сұранысты төмендетпей-ақ жеңілдіктерді қысқартуға болатынын көрсетеді.
Мәселен, Gap компаниясымен жұмыс істейтін Impact Analytics платформасы сатылым көрсеткіштері мен қоймадағы тауар көлемін талдап, жеңілдік науқандарын оңтайландыруға көмектеседі. Компанияның бас директоры Прашант Агравалдың сөзінше, жүйе көбіне акцияларды аз өнімге және қысқа мерзімге қолдануды ұсынады. Gap өкілі де платформа сұраныс пен тауар қоры туралы деректерге сүйене отырып, жеңілдіктерді тиімді жоспарлауға мүмкіндік беретінін растаған.
Ал Kapnova AI платформасы ірі косметикалық брендтердің біріне Black Friday кезінде тері күтіміне арналған өнімнің жеңілдігін бастапқы жоспарланған 40%-дан 30%-ға дейін төмендетуді ұсынған. Компания басшысы Джеймс Сан клиенттің атауын жарияламады.
Оның пікірінше, компаниялар тұтынушылардың сұранысын дәлірек болжай бастаған сайын, Black Friday кезіндегі жеңілдіктер де азаюы мүмкін.
АҚШ Ұлттық бөлшек сауда федерациясының болжамынша, 2026 жылғы мерекелік сауда көлемі 2025 жылмен салыстырғанда 4,2%-ға өсіп, 1 триллион доллардан сәл асады. Дегенмен өсімнің едәуір бөлігі тауарлар мен қызметтер бағасының қымбаттауымен байланысты болуы мүмкін. Қазіргі инфляция деңгейі 3,7%-ды құрайды.
Мұндай платформалар машиналық оқыту технологиясын пайдаланады. Алгоритмдер сатылым көлемін, қоймадағы тауар санын, бәсекелестердің бағасын, ауа райы мен экономикалық жағдайды қатар талдайды. Осы мәліметтер негізінде өнімге деген сұранысты болжап, бағаны өзгерту туралы ұсыныс береді.
Бұл технология бұрыннан бар. Алайда соңғы екі жылда оның мүмкіндіктері кеңейіп, нақты бір өнімге белгілі бір баға қойылған жағдайда тұтынушылардың қалай әрекет ететінін дәлірек болжауға мүмкіндік пайда болды.
Мысалы, First Insight платформасы бір брендке «бір өнім сатып алсаң, екіншісіне жеңілдік» акциясындағы жеңілдікті 50%-дан 40%-ға дейін қысқартуды ұсынған. Компанияның негізін қалаушы Грег Петро клиенттің атын жарияламады.
First Insight құралдарын Under Armour және Family Dollar желілері де пайдаланады. Олар платформаның көмегімен тауар бағасын белгілеп, бағаның өзгеруі сатылымға қалай әсер ететінін бағалайды.
AI технологиялары тек жаппай сауда сегментінде ғана емес, люкс брендтер арасында да қолданыла бастады. Anaplan компаниясының мәліметінше, оның AI негізіндегі жоспарлау платформасын LVMH құрамындағы Tiffany, Dolce & Gabbana және Kering компаниясына тиесілі Yves Saint Laurent брендтері баға белгілеу үдерісінде пайдаланады.
Бағаны оңтайландыру құралдарын New Balance брендімен жұмыс істейтін Sparkbox платформасы да ұсынады. Оның негізін қалаушылардың бірі Линдси Фишердің айтуынша, компания басшылары қоймада ұзақ жатқан тауарларды өткізу немесе жаңа сатып алушылар тарту үшін жеңілдікті бірден арттыруы мүмкін. Ал AI жүйесі жеңілдікті өзгертпей-ақ сұранысты сақтауға болатын жағдайларды анықтай алады.
AI арқылы баға белгілеу нарықта біртіндеп кең таралып келеді. Simon-Kucher консалтингтік компаниясының 2025 жылғы сауалнамасына сәйкес, компаниялардың үштен бірі сұранысты болжау үшін AI-ды қолданады. Ал 28%-ы бағаны нақты уақыт режимінде оңтайландыруға арналған жүйелерді пайдаланады.
Centric Market Intelligence жинаған деректер де жеңілдіктер саясатының өзгеріп жатқанын көрсетеді. Спорттық киім нарығында жеңілдікпен сатылатын тауарлардың үлесі соңғы бір жылда өскенімен, жеңілдіктің орташа көлемі азайған. Мысалы, жеңілдікпен сатылған спорттық бюстгальтердің орташа бағасы 32%-ға төмендеген. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 36% болған.
Walmart 2019 жылдан бері тауар қорын басқару үшін машиналық оқытуға негізделген ішкі бағдарламалық жасақтамасын қолданып келеді. Dick’s Sporting Goods пен Ross Stores те кемінде екі жылдан бері ауа райын болжайтын AI құралдары арқылы тауар қорын жоспарлайды.
Сонымен қатар сарапшылар AI көмегімен бағаны жекелеген сатып алушыларға қарай өзгерту мен динамикалық баға белгілеудің аражігін ажыратады. Біріншісі әр тұтынушыға жеке баға ұсынуды білдірсе, екіншісі сұраныс пен нарық жағдайына қарай тауар құнын жылдам өзгертеді.
Walmart пен Target жекелендірілген баға белгілеу тәжірибесін қолданбайтынын мәлімдеген. Ал АҚШ-тың бірқатар штатында мұндай тәсілді шектеуге бағытталған шаралар қабылданған.
McKinsey компаниясының бұрынғы кеңесшісі, электрондық коммерция саласының маманы София Серра динамикалық баға белгілеу жекелендірілген баға жүйесіне жақын орналасқанын айтады. Оның пікірінше, бұл технологияның таралуы құқықтық және этикалық мәселелерді де алға шығарады. Ал оны реттейтін ережелер әлі қалыптасу үстінде.
Сарапшылардың айтуынша, AI арқылы бағаны оңтайландыру тұтынушыға бірден байқалмауы мүмкін. Бірақ компаниялар жеңілдіктерді қысқартып, баға саясатын алгоритмдерге көбірек сеніп тапсырған сайын, сатып алушылар үшін тиімді ұсыныстар азаюы ықтимал.










