TechОбщество

Астаналықтар жүргізуші куәлігіне арналған теориялық емтиханды онлайн тапсыра алады

Астанада жүргізуші куәлігін алуға үміткерлер үшін теориялық емтиханды қашықтан тапсыру мүмкіндігі іске қосылды. Енді тестілеуден өту үшін ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ: емтиханды үйден ноутбук немесе компьютер арқылы тапсыруға болады, деп хабарлайды Tech-news. 

Жаңа қызмет eGov Mobile қосымшасындағы «ХҚКО қызметтері» бөлімінде қолжетімді. Ол әзірге пилоттық режимде жұмыс істейді және Астанада тұрақты тіркеуі бар азаматтарға ғана ұсынылады.

Онлайн емтиханға қатысу үшін үміткер бірнеше талапқа сай болуы керек:

  • Астана қаласында тұрақты тіркеуде болуы;
  • бұған дейін жүргізуші куәлігін алмаған болуы;
  • көлік басқару құқығынан айырылмаған болуы;
  • автомектепті аяқтағаны туралы жарамды куәлігі болуы;
  • медициналық анықтамасы болуы;
  • диспансерлік есепте тұрмауы қажет.

Емтиханға қалай өтінім беруге болады?

Алдымен eGov Mobile қосымшасындағы «ХҚКО қызметтері» бөліміне кіріп, «Теориялық емтиханды онлайн тапсыру» қызметін таңдау керек. Одан кейін:

  1. Жүргізуші куәлігінің қажетті санатын көрсету;
  2. 1414 нөмірінен келген SMS арқылы дербес деректерді пайдалануға келісім беру;
  3. Қызмет ақысын төлеу;
  4. eGov жеке кабинетінен емтиханға арналған жеке сілтемені алу қажет.

Сілтеме төлем жасалған күннен бастап 30 күн бойы жарамды. Оны тек өтінім берген азамат пайдалана алады.

Емтихан қалай өтеді?

Тестілеу 40 сұрақтан тұрады, оған 40 минут беріледі. Емтиханнан өту үшін кемінде 32 сұраққа дұрыс жауап беру қажет. Тестілеу күн сайын сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін өткізіледі. Алайда емтиханды 19:20-дан кешіктірмей бастау керек.

Бір күнде бір рет тапсыруға мүмкіндік бар. Егер үміткер қажетті ұпай жинай алмаса, келесі әрекетін келесі күннен бастап жасай алады. Емтихан алдында түстерді ажырату қабілетін тексеретін тест те қарастырылған.

Нәтиже тестілеу аяқталған бойда көрсетіледі. Жүйе дұрыс жауаптардың санын және емтиханның тапсырылған-тапсырылмағанын хабарлайды. Бұрынғы нәтижелер «Менің өтінімдерім» бөлімінде сақталады.

Тестілеу кезінде бақылау қалай жүргізіледі?

Емтиханның әділ өтуін қамтамасыз ету үшін ExamApp қосымшасындағы автоматтандырылған прокторинг жүйесі қолданылады. Ол үміткерді камера арқылы сәйкестендіріп, тестілеу барысын бақылайды. Бұл үшін бейне және аудиожазба жүргізіліп, компьютер экраны жазылады.

Қосымша бақылау камерасы ретінде смартфонды пайдалану міндетті. Оны үміткерден шамамен 1,3 метр қашықтықта, бүйір жағына орналастыру керек. Камераға адамның өзі, жұмыс үстелі және компьютер экраны толық түсуі тиіс. Емтихан басталғанға дейін бөлмені де камераға көрсету қажет.

Жүйе компьютерде VPN, Proxy, виртуалды машиналар, қашықтан басқару құралдары және пайдалануға тыйым салынған бағдарламалардың бар-жоғын тексереді. Сондай-ақ қосымша мониторларды пайдалануға жол берілмейді. Тестілеу кезінде басқа терезелерге ауысу бұғатталады. Күдік тудыратын әрекеттер автоматты түрде тіркеліп, кейін уәкілетті мамандар тарапынан тексеріледі.

Қандай құрылғы қажет?

Онлайн емтиханды тапсыру үшін:

  • Windows 7 және одан жоғары немесе macOS жүйесі орнатылған ноутбук не дербес компьютер;
  • жұмыс істейтін веб-камера мен микрофон;
  • қосымша камера ретінде пайдаланылатын смартфон;
  • тұрақты интернет байланысы қажет.

Тестілеу үшін Google Chrome браузерін пайдалану ұсынылады. Емтиханды смартфон, планшет немесе гибридті құрылғы арқылы тапсыруға болмайды.

Теориялық кезеңнен сәтті өткен азаматтар практикалық емтиханды бұрынғы тәртіппен тапсырады. Ол үшін «ХҚКО» қосымшасы арқылы жазылуға немесе мамандандырылған ХҚКО-ға баруға болады.

Жаңа қызмет ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Ішкі істер министрлігі және бірқатар мемлекеттік ұйымның бірлескен жұмысы нәтижесінде іске қосылды.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *