Түркия жасанды интеллект саласындағы ұлттық сауаттылық бағдарламасын іске қосты. Алдағы екі жылда ел бойынша 5 миллион азамат AI технологияларын пайдалану негіздерін меңгеріп, 10 мың жоғары білікті маман даярланады, деп хабарлайды Tech-news.
Түркия жасанды интеллект экожүйесін дамытуға бағытталған ауқымды бағдарламаны іске қосты. Бұл туралы президент Режеп Тайып Ердоған «Түркия және жасанды интеллект» саммитінде мәлімдеді.
Жаңа бастама барлық жастағы азаматтарға AI технологияларын түсінуге және оларды қауіпсіз қолдануға көмектесуге бағытталған. Бағдарлама елдің жасанды интеллект саласындағы жаңа іс-қимыл жоспарының бір бөлігіне айналды.
Президенттің айтуынша, алдағы екі жылда Түркияның барлық 81 провинциясында цифрлық сауаттылық орталықтары ашылады. Осы орталықтар арқылы 5 миллион адамға жасанды интеллект негіздері оқытылады.
Сонымен қатар ел 10 мың жоғары білікті AI маманын және жасанды интеллект технологияларын қолдана алатын 100 мың маманды даярлауды жоспарлап отыр.
Бағдарламаның тағы бір маңызды бағыты – ашық деректер инфрақұрылымын дамыту. Ұлттық деректер кітапханасы арқылы азаматтар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, қорғаныс және e-commerce сияқты салаларды қамтитын 2 мыңнан астам мемлекеттік деректер жиынтығына қол жеткізе алады.
Түркия үкіметі мемлекеттік инвестициялық бағдарламалардан бөлінетін қаржының кемінде 2 пайызын жасанды интеллект жобаларына бағыттауды көздеп отыр.
Бұдан бөлек, ел деректер орталықтарын, cloud-инфрақұрылымды және AI технологияларын дамытуға 10 млрд доллар көлемінде инвестиция тартуды жоспарлап отыр.
2030 жылға қарай Түркиядағы дата-орталықтардың жиынтық қуаты кемінде 1 гигаваттқа дейін жеткізілмек. Ал Стамбұл жасанды интеллект саласындағы халықаралық көрмелер мен технологиялық инвестициялар тартатын орталыққа айналуы тиіс.
Ердоған Түркі мемлекеттері ұйымымен бірлесіп оғыз, қыпшақ және қарлұқ тіл топтарын қамтитын ортақ үлкен тілдік модельді (LLM) әзірлеу жоспары бар екенін де жариялады. Бұл жоба түркі тілдеріндегі AI экожүйесін дамытуға бағытталған.
Сондай-ақ Түркия ЭЫДҰ, G20 және БҰҰ алаңдарында адамға бағытталған жасанды интеллект стандарттарын қалыптастыруға белсенді қатысатынын мәлімдеді.
Осылайша, Түркия AI саласын тек технологиялық бағыт ретінде емес, экономикалық өсім мен адами капиталды дамытудың стратегиялық құралы ретінде қарастырып отыр.










