Қазақстан мен Бельгия жасанды интеллект, ғылым және жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге келісті. Мемлекет басшысының Бельгияға жасаған мемлекеттік сапары барысында бірнеше стратегиялық келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Tech-news.
Келісімдер ғылыми зерттеулерден бастап ғарыш технологиялары мен AI инфрақұрылымын дамытуға дейінгі бағыттарды қамтиды.
Негізгі құжаттардың бірі Қазақстанның ғылыми ұйымдары мен Еуропадағы жетекші жоғары оқу орындары — Ghent University және KU Leuven арасындағы әріптестікке қатысты. Тараптар бірлескен зерттеулер жүргізіп, мамандар даярлау және Еуроодақтың Horizon Europe ғылыми бағдарламаларына қатысу бағытында жұмыс істемек.
Келіссөздер барысында ALEM.AI платформасын халықаралық деңгейдегі AI for Science and Innovation орталығы ретінде дамыту мәселесі де талқыланды. Жоба жасанды интеллектіні ғылыми зерттеулер мен инновациялық әзірлемелерде қолдануға бағытталған халықаралық алаңға айналуы мүмкін.
Ғарыш технологиялары саласында да жаңа келісім жасалды. Қазақстан Ғарыш Сапары мен Hydrosat спутниктік деректерді пайдалану жөнінде әріптестік орнатты. Жоба су ресурстарын тиімді басқаруға және ауыл шаруашылығындағы шешімдерді дәлірек қабылдауға көмектесетін технологияларды енгізуді көздейді.
Мамандардың пікірінше, мұндай бастамалар Қазақстанның халықаралық ғылыми қауымдастықпен байланысын күшейтіп қана қоймай, AI, ғарыштық мониторинг және цифрлық инфрақұрылым бағытындағы жаңа жобалардың іске қосылуына жол ашады.
Сондай-ақ бұл келісімдер қазақстандық зерттеушілер мен технологиялық компаниялардың еуропалық экожүйемен интеграциясын жеделдетуге мүмкіндік береді.










