Қазақстанда 2027 жылдың соңына дейін 3G мобильді байланыс желісін толықтай өшіріп, оның орнына 4G және 5G технологияларын дамыту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 2026 жылдың соңына дейін талшықты-оптикалық интернет 3704 ауылға жеткізіледі, деп хабарлайды Tech-news.
Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, алдағы үш жылда телекоммуникация саласына салынатын инвестиция көлемі 1,3 трлн теңгеден асады. Оның ішінде 2026 жылы кемінде 500 млрд теңге инвестиция тарту көзделген.
Соңғы екі жылда Қазақстандағы мобильді интернеттің орташа жылдамдығы 73,6 Мбит/с-тен 93,4 Мбит/с-ке дейін өскен. Министрлік биылғы интернет-трафик көлемі 2024 жылғы көрсеткіштен екі есе жоғары болады деп болжап отыр.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2026 жылдың соңына дейін 3704 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарланған. Бұл елдегі барлық ауылдың 61%-ын қамтиды.
2027 жылы тағы 1863 ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қосылады. Нәтижесінде талшықты-оптикалық желінің жалпы қамту деңгейі 92%-ға жетпек. Қалған 8% ауылды спутниктік интернетпен қамтамасыз ету көзделген.
Қазір ауылдардың 84%-ы мобильді интернетпен қамтылған. Осы бағытта 3G базалық станцияларын 4G стандартына көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге қалалар мен ауылдарда 5G желісін дамыту жалғасады.
Жаслан Мәдиевтің мәліметінше, 2027 жылдың соңына қарай:
- 4G желісі 5291 ауылды қамтуы тиіс;
- 5G байланысы 70 қала мен 300 ауылда қолжетімді болады;
- ауылдардың 92%-ы мобильді интернетпен қамтамасыз етіледі;
- 3G желісінен толық бас тарту жоспарланып отыр.
Интернет инфрақұрылымын дамыту тек елді мекендермен шектелмейді. Жоспар бойынша, республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың 40 мың шақырымын мобильді байланыспен қамту қажет.
Бұл үшін ел аумағында 500-ден астам антенналық-діңгектік құрылыс салу көзделген.
Осылайша, Қазақстандағы телекоммуникация саласының алдағы екі жылдағы басты міндеттері – 3G желісін кезең-кезеңімен тоқтату, 4G мен 5G аясын кеңейту және ауыл-аймақтардағы интернет қолжетімділігін арттыру.










