Индустрия

Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы интернет-трафик транзитін күшейтеді

Қазақстан спутниктік интернет операторларының санын арттырып, Еуропа мен Азия арасындағы деректерді тасымалдау бағыттарын кеңейтуді жоспарлап отыр. Ел нарығына келесі жылы Amazon LEO және Shanghai Spacecom Satellite Technology компаниялары шығуы мүмкін. Сонымен қатар, Air Astana ұшақтары мен ҚТЖ пойыздарында спутниктік интернетті қолдану аясы кеңейеді, деп хабарлайды Tech-news. 

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Қазақстанда спутниктік интернет операторлары көбейеді

Талшықты-оптикалық желі тарту қиын шалғай елді мекендерді интернетпен қамту үшін спутниктік байланыс инфрақұрылымы дамып жатыр. Қазір OneWeb және Starlink операторлары Қазақстанда жұмыс істеуге лицензия алған.

Сондай-ақ Beeline мен Starlink бірлесіп Direct-to-Cell технологиясын іске қосты. Бұл шешім арнайы спутниктік жабдықсыз-ақ смартфонды тікелей спутникке қосуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Android құрылғыларында хабарлама жіберу және базалық интернет қызметтері қолжетімді. Ал iOS жүйесіне арналған нұсқасы әзірленіп жатыр.

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, келесі жылы Қазақстан нарығына тағы екі оператор – Қытайдың Shanghai Spacecom Satellite Technology компаниясы мен Amazon LEO шығуы мүмкін. Осылайша, Қазақстан Орталық Азияда төрт спутниктік оператордың да ұлттық қауіпсіздік талаптарына сай жерүсті стансаларын орналастырған алғашқы ел болуды көздеп отыр.

Ұшақтар мен пойыздар спутниктік интернетке қосылады

Спутниктік байланыстың қолданылуы шалғай ауылдармен шектелмейді. Оны әуе, теміржол және туристік инфрақұрылымда пайдалану да кеңейіп келеді.

Air Astana компаниясы OneWeb технологиясы арқылы бір ұшағын спутниктік интернетпен жабдықтады. 2027 жылы тағы 20 ұшаққа осындай жүйе орнату жоспарланған.

Ал Starlink негізіндегі Wi-Fi қазірдің өзінде ҚТЖ-ның 1,5 мың жолаушылар вагонында жұмыс істеп тұр.

Бұдан бөлек, биыл еліміздегі танымал 10 туристік нысан интернетке қосылды. Келесі жылы тағы 50 нысанды желімен қамту жоспарланып отыр. Министрдің мәліметінше, барлық шекаралық өткізу пункттері де талшықты-оптикалық немесе спутниктік байланыс арқылы интернетке қосылған.

Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы деректер транзитін арттырмақ

Елдің цифрлық инфрақұрылымындағы тағы бір маңызды бағыт – халықаралық интернет-трафикті Қазақстан арқылы өткізу мүмкіндігін кеңейту.

Қазір Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі іске қосылған. Ол Еуропа мен Азия арасындағы деректерді тасымалдауға қосымша бағыт ұсынады. Оның сенімділігін арттыру үшін Каспий теңізінің түбімен резервтік байланыс арнасын салу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Қорғастан Ақтауға дейін «Батыс – Шығыс» гипермагистралі салынып жатыр. Жобаның 87%-ы аяқталған, қалған жұмыстарды 2027 жылы бітіру көзделген.

Министрдің айтуынша, жаңа байланыс магистральдары Қазақстан арқылы өтетін деректер транзитінің көлемін арттырып, ақпарат алмасу кезіндегі кідірісті азайтуға мүмкіндік береді. Бұл халықаралық технологиялық компанияларды елдегі «Деректерді өңдеу орталығы алқабына» тартуға да ықпал етпек.

Осы жобалар Қазақстанның тек интернет тұтынатын нарық емес, Еуропа мен Азия арасындағы маңызды цифрлық транзиттік орталыққа айналуына бағытталған.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *