АҚШ әкімшілігі OpenAI компаниясына жаңа GPT-5.6 жасанды интеллект моделін бірден кең аудиторияға ұсынбауды ұсынып отыр. The Information басылымының мәліметінше, бастапқы кезеңде модельге тек OpenAI-дың таңдаулы серіктестері ғана қол жеткізе алады, деп хабарлайды Tech-news.
Басылымның жазуынша, OpenAI бас директоры Сэм Альтман компания қызметкерлеріне тестілеу кезеңінде әрбір клиентке қолжетімділік беру мәселесі АҚШ үкіметімен жеке келісілетінін хабарлаған. Егер сынақтар сәтті аяқталса, GPT-5.6 кейінірек барлық пайдаланушыларға кезең-кезеңімен ашылады.
Бұл шешім АҚШ-тың жасанды интеллектке қатысты ұстанымындағы өзгерісті көрсетеді. Бұған дейін Дональд Трамп әкімшілігі AI технологияларын дамытуға мемлекеттің араласуы барынша аз болатынын мәлімдеген еді. Алайда жақында қабылданған жарлыққа сәйкес, AI әзірлеушілеріне жаңа модельдерді жарияламас бұрын оларды үкіметтің ерікті қауіпсіздік тексеруінен өткізу ұсынылған.
Осындай тәсілді биыл Anthropic компаниясы да қолданды. Компания өзінің жаңа Claude Mythos моделін алғашында шектеулі серіктестерге ғана ұсынды. Әзірлеушілер мұны модельдің жоғары мүмкіндіктері мен оны теріс мақсатта пайдалану қаупін азайту қажеттілігімен түсіндірді.
Сонымен қатар кейбір сарапшылар мұндай шектеулі іске қосудың тағы бір себебі болуы мүмкін екенін айтады. Олардың пікірінше, эксклюзивті қолжетімділік қауіпсіздік шарасы ғана емес, жаңа өнімге деген қызығушылықты арттыратын маркетингтік стратегия ретінде де қолданылуы ықтимал.
АҚШ билігінің негізгі алаңдаушылығы – заманауи ірі тілдік модельдердің (LLM) киберқауіпсіздік саласындағы мүмкіндіктері. Мұндай жүйелер бағдарламалық қамтамасыз етудегі осалдықтарды анықтауды жеңілдетіп, кибершабуылдарды автоматтандыру немесе зиянды код әзірлеу үдерісін жеделдетуі мүмкін. Сондықтан жаңа AI модельдерін іске қоспас бұрын олардың ықтимал қауіптері қосымша бағалануда.










