Қазақстанда 1 миллионнан астам адам жасанды интеллект құралдарын қолданудың базалық дағдыларын меңгерген. Үкімет алдағы жылдары AI бойынша кадр даярлауды мектептерде, жоғары оқу орындарында және ересектерге арналған бағдарламалар арқылы кеңейтуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Tech-news.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттардың цифрлық трансформация және жасанды интеллектті дамытуға қатысты сауалдарына жауап беру кезінде айтты.
Премьер-министрдің сөзінше, елде цифрлық экономиканы дамыту үшін қажетті құқықтық база кезең-кезеңімен қалыптасып келеді. Қазір осы бағыттағы негізгі міндеттердің бірі – жасанды интеллектпен жұмыс істей алатын мамандар санын көбейту.
Олжас Бектеновтің айтуынша, AI Sana бағдарламасы аясында 1 миллионнан астам қазақстандық AI құралдарын қолданудың негізгі қағидаларын үйренген.
Үкімет бұл жұмысты алдағы уақытта да жалғастырмақ. Негізгі назар мектептер мен жоғары оқу орындарында цифрлық сауаттылықты және жасанды интеллект бойынша білім беруді дамытуға аударылады.
Мақсат – AI технологияларын тек IT мамандары ғана емес, әртүрлі сала қызметкерлері де күнделікті жұмысында тиімді пайдалана алатын кадрлық әлеуетті қалыптастыру.










