Қазақстанның IT-қызметтер экспорты 2025 жылдың қорытындысы бойынша 1,1 миллиард АҚШ долларынан асты. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда шамамен 60%-ға көп, деп мәлімдеді Премьер-министр Олжас Бектенов Парламент палаталарының бірлескен отырысында, деп хабарлайды Tech-news.
Үкімет басшысының айтуынша, IT экспорты ел экономикасының маңызды бағыттарының біріне айналып келеді. Егер 2024 жылы қазақстандық IT-компаниялар шетелге 690 миллион доллардың қызметін экспорттаса, бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 1,1 миллиард долларға дейін өскен.
Бұл өсім Мемлекет басшысының цифрлық экономиканы дамыту және отандық IT-бизнестің халықаралық нарыққа шығуын қолдау жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатқан реформалардың нәтижесі ретінде бағаланып отыр.
Үкіметтің мәліметінше, 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Осы кезеңде Цифрлық кодекс, «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданып, цифрлық трансформация мен AI технологияларын дамытуға арналған Digital Qazaqstan ұлттық стратегиясы бекітілді.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің дерегінше, қазақстандық IT-компаниялар бүгінде халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті өнімдер мен қызметтер ұсынып келеді. Бұл экспорт көлемін ұлғайтып қана қоймай, ел ішінде жоғары жалақы төленетін жаңа жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етіп отыр.
Үкімет алдағы уақытта цифрлық экономиканы дамытуға, халықаралық технологиялық серіктестікті кеңейтуге, жасанды интеллект саласына мамандар даярлауға және қазақстандық IT-индустрияның экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастырмақ.










