Қазақстан жасанды интеллектіні экономиканы цифрландырудың негізгі бағыттарының біріне айналдырып отыр. Бұл туралы «Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығы басқармасының төрағасы Ерлан Досымбеков Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Tech-news.
Оның айтуынша, жасанды интеллект пен цифрлық егемендік тақырыбы елдің соңғы бір жылда цифрлық трансформация бағытында қол жеткізген нәтижелерін айқын көрсетеді.
Ерлан Досымбеков «Цифрлық Қазақстан» стратегиясы аясында AI мемлекеттік экономикалық саясаттың басым бағыттарының біріне айналғанын атап өтті. Оның пікірінше, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуы осы саладағы жұмысты жүйелеп, Қазақстанның өңірлік AI-хаб ретінде қалыптасуына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ бұл қадам елдің жаһандық технологиялық бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, халықаралық цифрлық экожүйедегі позициясын нығайтуға ықпал етеді.
Пленарлық отырыста инвестициялық ахуалға қатысты өзгерістер де сөз болды. Ерлан Досымбеков Бас прокуратура жанынан Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің құрылуын маңызды шешімдердің бірі деп бағалады.
Оның айтуынша, Бас прокурорға инвестициялық омбудсмен өкілеттігінің берілуі инвесторлардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетігін қалыптастырып, Қазақстандағы инвестициялық ортаға деген сенімді арттыруы тиіс.
Бұған дейін Kazakh Invest басқарма төрағасы Сұлтанғали Кінжақұлов Қазақстанда инвесторларға ұсынылған жаңа жеңілдіктер туралы мәлімдеген болатын.










