TechПолитика

Жаслан Мәдиев: Қазақстан әлемдік деңгейдегі цифрлық инфрақұрылым құрып жатыр

Қазақстан жаңа буындағы цифрлық инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріп, халықаралық технологиялық компанияларды ірі жобаларға қатысуға шақырып отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Tech-news.

Министрдің айтуынша, елдегі негізгі стратегиялық жобалардың бірі – Алатау қаласын инновациялық технологияларды сынақтан өткізуге арналған халықаралық алаңға айналдыру.

Жаслан Мәдиевтің сөзінше, Алатау жаңа өнімдер мен сервистерді нарыққа шығармас бұрын қауіпсіз ортада тестілеуге мүмкіндік беретін арнайы эксперименттік аймақ болады. Мұнда цифрлық экономика мен финтехті дамытуға арналған құқықтық тетіктер енгізіліп, токенизация бағытындағы жобаларға да ерекше көңіл бөлінеді.

Сондай-ақ қала жүргізушісіз көліктерді, дрондарды және цифрлық мемлекеттік қызметтерді кең көлемде сынақтан өткізетін алғашқы ірі орталықтардың біріне айналмақ. Бұл компанияларға өз технологияларын жетілдіріп, кейін коммерциялық нарыққа шығаруға мүмкіндік береді.

Министр Қазақстанның ғарыш саласын дамыту стратегиясына да тоқталды. Оның айтуынша, ел енді тек зымыран ұшырумен шектелмей, инженерлік жобалау, өндіріс, спутниктік технологиялар және ғарыштық сервистерді қамтитын толыққанды ғарыш экожүйесін қалыптастыруды көздейді.

Осыған байланысты Жаслан Мәдиев халықаралық технологиялық компаниялар мен венчурлік инвесторларды Қазақстандағы толық циклді ғарыш индустриясын дамыту жобаларына қатысуға шақырды.

Министрдің пікірінше, цифрлық инфрақұрылым, инновациялық құқықтық орта және жаңа технологияларды тәжірибеде сынауға мүмкіндік беретін платформалар Қазақстанның өңірлік технологиялық хаб ретіндегі позициясын күшейтуге негіз болады.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *