TechКультура

AI Film Award 2027: үздік ЖИ-фильм авторына $1 млн беріледі

AI Film Award 2027 халықаралық байқауы жасанды интеллект көмегімен түсірілген қысқаметражды фильмдерге өтінім қабылдай бастады. Байқаудың бас жүлдесі — 1 миллион доллар. Қатысушылар жұмыстарын 2026 жылғы 20 қарашаға дейін жіберуі керек, деп хабарлайды Tech-news. 

Байқауға әлемнің кез келген елінен 18 жастан асқан авторлар қатыса алады. Фильмнің ұзақтығы 5–7 минут болуы шарт. Жұмысты кез келген тілде түсіруге рұқсат етілген, бірақ ағылшын тіліндегі субтитр міндетті.

Қатысушылар бес тақырыптық бағыттың бірін таңдай алады: қоғам және гуманитарлық мәселелер, жалған жаңалықтар мен дезинформация, адам мен жасанды интеллект қарым-қатынасы, климат және табиғат.

Қазылар алқасы фильмнің оқиғасы мен идеясының ерекшелігін ғана емес, визуалды стилін, техникалық сапасын және жасанды интеллекттің шығармашылық үдерісте қаншалықты орынды қолданылғанын да бағалайды.

Үздік 10 жұмыс 2026 жылғы 15 желтоқсанда жарияланады. Сол күні көрермендердің ашық дауыс беруі басталады. Ал бес финалистің есімі 25 желтоқсанда белгілі болады.

Бас жүлде иегері 2027 жылғы 10 қаңтарда Дубайда өтетін 1 Billion Followers саммитінде анықталады. Іс-шара 8–10 қаңтарға жоспарланған.

Байқау ережелеріне сәйкес, авторлар өз фильмдеріне деген құқықтарын сақтап қалады.

Еске салайық, қазан айының басында Астанада Astana AI Film Festival өтті. Фестивальге 125 елден 8 067 өтінім түскен. Оның негізгі бағдарламасына 25 фильм іріктелді.

Фестивальдің жалпы жүлде қоры 2 миллион доллар болды. Соның ішінде Латвиядан келген Николай Шестак «The First Honest Day» фильмі үшін 450 мың доллар алды. Қазақстандық Мырзахан Жұмахан «Үздік кейіпкер» номинациясында жеңіске жетті.

AI Film Award 2027 байқауы да жасанды интеллекттің кино өндірісіндегі мүмкіндіктерін көрсетуге және жаңа авторларды халықаралық деңгейде танытуға бағытталған.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *