Астанада киберқауіпсіздікке арналған екі күндік CYBER STEPPE конференциясы басталды. 10–11 қыркүйекте Alem.ai алаңында өтіп жатқан шарада мемлекеттік органдар, бизнес, банк секторы, стартаптар және білім беру ұйымдарының өкілдері цифрлық қауіптерден қорғану жолдарын талқылап жатыр, деп хабарлайды Tech-news.
Конференцияны MSSP Global компаниясы Республикалық Киберқауіпсіздік айы аясында ұйымдастырды. Іс-шара Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен өтуде.
Конференцияның ашылуында ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев биыл киберқауіпсіздік саласындағы бірқатар маңызды заңнамалық өзгеріс күшіне енгенін атап өтті. Оның айтуынша, Цифрлық кодекс пен «Киберқауіпсіздік туралы» заң қолданысқа енгізіліп, дербес деректерді қорғау талаптары жетілдірілді. Сонымен қатар Еңбек кодексінде алғаш рет жұмыс беруші мен қызметкерлердің киберқауіпсіздік пен кибермәдениетке қатысты міндеттері бекітілді.
Вице-министрдің сөзінше, Киберқауіпсіздік айлығы осы жұмыстың жалғасы ретінде ұйымдастырылып отыр. Айлық аясында Қазақстанның барлық өңірінде киберсабақтар, түсіндіру жұмыстары, форумдар және практикалық іс-шаралар өткізіледі. Науқан Cyber Steppe конференциясынан басталып, KazHackStan 2026 шарасымен қорытындыланады.
Мұсалиев негізгі мақсат азаматтарға интернет алаяқтығын және басқа да киберқауіптерді тануды, жеке деректерін қорғауды және цифрлық сервистерді қауіпсіз пайдалануды үйрету екенін айтты.
Киберқауіпсіздік енді тек IT мамандарының мәселесі емес
Фишинг, әлеуметтік инженерия, дипфейк және басқа да киберқауіптер корпоративтік ортадан әлдеқашан шығып кетті. Мұндай қауіпке адам үйде де, жұмыста да, тіпті смартфоннан жаңалық қарап отырған кезде де тап болуы мүмкін.
Сондықтан конференцияға ақпараттық қауіпсіздік мамандарымен бірге мемлекеттік органдардың, компаниялардың, банктердің, стартаптар мен білім беру ұйымдарының өкілдері қатысып жатыр.
Алғашқы күн — мемлекет пен бизнеске
10 қыркүйектегі бағдарлама ұйымдардың киберқауіпсіздік талаптарын жай ғана орындауынан нақты қорғаныс деңгейін арттыруға көшуге бағытталған.
Қатысушылар мемлекеттік және корпоративтік секторда кибермәдениет қалыптастыру, сондай-ақ қызметкерлердің Shadow AI қолдануына байланысты тәуекелдерді талқылайды. Shadow AI — ұйымның ресми рұқсатынсыз қызметкерлердің ChatGPT сияқты жасанды интеллект құралдарын жұмыс барысында пайдалануы.
Бұдан бөлек, ақпараттық қауіпсіздік қызметтерінің сервистік моделінің тиімділігі, мемлекеттік секторға арналған кешенді шешімдерді сатып алудағы заңнамалық мәселелер және мемлекеттік органдарға жасалатын кибершабуылдардың өзекті сценарийлері қарастырылады.
Жасанды интеллектінің киберқорғаныстағы рөліне де жеке назар аударылады. Сарапшылар AI қолданудың мүмкіндіктері мен қауіптерін, сондай-ақ киберинцидент кезінде дұрыс коммуникация құру тәсілдерін талқылайды.
Техникалық бағдарламада LLM жүйелеріне жасалған шабуылдарды талдау, AI көмегімен фишингті анықтау бойынша воркшоп және APT-шабуылдардың құрылымын зерттеуге арналған практикалық сессиялар бар. APT — нысанаға ұзақ уақыт бойы жасырын түрде бағытталған күрделі кибершабуыл түрі.
Екінші күн азаматтарға арналады
11 қыркүйекте конференцияның бағдарламасы отбасыларға, студенттер мен педагогтерге бағытталады. Ұйымдастырушылар киберқауіпсіздік тақырыптарын күнделікті өмірге жақын, түсінікті форматта ұсынуды жоспарлап отыр.
Ата-аналар мен балалар кибербуллинг және онлайн ойындардағы қауіптер туралы интерактивті жаттығулар мен викториналарға қатысады. Сонымен қатар қазақ және орыс тілдеріндегі қазақстандық цифрлық тренажер таныстырылады.
Бағдарламада 2011–2026 жылдар аралығындағы хакерлік топтардың текетіресіне арналған дәріс пен ата-аналарға арналған сұрақ-жауап сессиясы да бар.
Ұйымдастырушылар екі күн ішінде конференцияға 3000-нан астам адам қатысады деп күтеді. Оның ішінде 2000-нан астам адам Астанада офлайн, ал Алматы, Шымкент және басқа өңірлерден 1000-нан астам қатысушы онлайн қосылады деп жоспарланған.
Конференция барысында 20-дан астам спикер мен сарапшы сөз сөйлейді.










