1–3 қазан аралығында Астанада өтетін AI & Digital Bridge 2026 форумында адаммен тілдесіп, кеңістікте өздігінен бағдарлайтын және өндірістік міндеттерді орындайтын роботтар таныстырылады. Qazbot Technologies компаниясы гуманоидті, өнеркәсіптік және төрт аяқты роботтандырылған платформаларын көрсетеді, деп хабарлайды Tech-news.
Астанада роботтар өндіріс пен күнделікті қызмет көрсету салаларына қалай еніп жатқанын іс жүзінде көруге болады. AI & Digital Bridge 2026 форумында Qazbot Technologies компаниясы адаммен қарым-қатынас жасай алатын гуманоидті роботтардан бастап, қойма, логистика және өнеркәсіпке арналған автономды платформаларға дейінгі шешімдерін ұсынады.
Компания форумда A2, A2 Ultra, X2, X2 Ultra, G2, C5 және D1 модельдерін көрсетеді. Олардың әрқайсысы әртүрлі міндеттерге бейімделген.
A2 және A2 Ultra — адамдармен тікелей жұмыс істеуге арналған толық өлшемді гуманоидті роботтар. Олар бет-әлпет пен дауысты таниды, дыбыс шыққан бағытты анықтайды, диалог жүргізіп, берілген командаларға жауап береді. Сонымен қатар келушілерге ғимарат ішінде бағдарлануға көмектесе алады.
A2 Ultra ұзақ қашықтыққа адамның көмегінсіз қозғала алады.
Ал X2 және X2 Ultra ықшам әрі қозғалысы икемдірек. Бұл роботтар адамның бет-әлпеті мен ым-ишарасын танып, түрлі қимылдарды орындайды. X2 Ultra қажетті бағытты өзі жоспарлап, жолындағы кедергілерді айналып өтеді және қуаты азайған кезде зарядтау станциясына өздігінен бара алады.
G2 моделі өндірістік тапсырмаларға бағытталған. Робот заттарды ұстап, орнын ауыстырып, сұрыптау және дәлдікті қажет ететін операцияларды орындай алады. Мұндай платформаларды зауыттарда, қоймаларда және логистикалық нысандарда қолдануға болады.
C5 үлкен аумақтарды автономды тазалауға арналған. Робот жұмыс аймағын өзі анықтап, қозғалыс бағытын құрады, кедергілерді айналып өтеді және құрғақ әрі ылғалды тазалау жұмыстарын атқарады. Арнайы станцияға қосылған кезде қуатын автоматты түрде толықтыра алады.
Ал D1 — дөңгелекті роботтарға қарағанда кедір-бұдыр жерлерде қозғалу мүмкіндігі жоғары төрт аяқты платформа. Ол өндірістік нысандарды тексеру, бақылау және инфрақұрылымдағы түрлі жұмыстарға арналған.
Qazbot Technologies үшін форум тек дайын роботтарды көрсету алаңы емес. Компания Қазақстанда робототехника өндірісінің толық экожүйесін қалыптастыру жобасын да таныстырады.
2026 жылдың тамызында Астанада Қазақстандағы алғашқы гуманоидті роботтар шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Жоба 15 мың шаршы метр аумақта орналасып, 150-ден астам жұмыс орнын құруды көздейді.
Кешенде өндірістік қуаттармен қатар R&D орталығы, инженерлік әзірлемелер, бағдарламалық қамтамасыз ету және жасанды интеллект шешімдері әзірленеді. Жоба құрамында роботтарды оқытуға қажетті деректерді жинау, дайындау және өңдеуге арналған Qaz Data Factory инфрақұрылымы да болады.
Компанияның мәліметінше, алғашқы кезеңдегі инвестиция көлемі шамамен $200 млн. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 5 мыңға дейін робототехникалық жүйе шығаруға есептелген.
Qazbot Technologies компаниясының стратегиялық технологиялық серіктесі — AGIBOT PTE. LTD. Оның вице-президенті Сюн Цзилинь де форумға қатысады.
Компанияның мәліметінше, AGIBOT гуманоидті роботтарды жеткізу көлемі бойынша әлемдік нарықтың шамамен 47%-ын қамтиды. Оның роботтары адаммен өзара әрекеттесуден бастап өндіріс пен логистикаға дейінгі бағыттарда қолданылады.
AGIBOT-тың роботтары 2026 жылғы World Humanoid Robot Games жарысында да сыналды. Компания командасы 46 медаль жеңіп алған: 18 алтын, 16 күміс және 12 қола. Ұйымдастырушылардың нәтижелері бойынша AGIBOT алтын медаль саны мен жалпы жүлде саны бойынша бірінші орын алған.
Qazbot Technologies компаниясының бас директоры Владислав Сафаровтың айтуынша, мақсат тек шетелдік роботтарды Қазақстанға жеткізу емес, ел ішінде инженерлік құзырет пен толық технологиялық өндіріс тізбегін қалыптастыру.
Робототехникадағы қазіргі негізгі бағыттардың бірі — embodied AI. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл жасанды интеллектіні физикалық құрылғымен біріктіру. Мұндай жүйелер қоршаған ортаны сенсорлар арқылы қабылдап, жағдайды бағалап, шешім қабылдап және нақты әрекет жасай алады.
AI & Digital Bridge 2026 форумында келушілер осы технологиялардың қызмет көрсету, өндіріс, логистика және инфрақұрылымдағы қолданылуын көре алады.
AI & Digital Bridge 2026 форумы 1–3 қазан аралығында Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында өтеді. Іс-шара AI MONTH аясында ұйымдастырылып, биылғы басты тақырыбы Kazakhstan is the Eurasian AI Hub болмақ.
1 қазанда форумның арнайы бағдарламасына мемлекеттік органдар, халықаралық делегациялар және технологиялық компаниялардың өкілдері қатысады. Бұл күнге кіру шақыру арқылы жүзеге асады. 2–3 қазанда форумның ашық бағдарламасы өтеді.









