TechОбщество

Брайль қарпіндегі жаңа құрылғы зағип адамдарға ғылым мен технологияны меңгеруге көмектеседі

Ұлыбританияда әзірленген Canute Scientific құрылғысы көру қабілетінен айырылған адамдарға күрделі ғылыми және математикалық ақпаратты Брайль қарпі арқылы оқуға мүмкіндік береді. Көпжолды дисплеймен жабдықталған құрылғы білім алуға, ғылыми деректермен жұмыс істеуге және STEM салаларындағы мамандықтарды игеруге көмектесуге арналған, деп хабарлайды Tech-news. 

Canute Scientific құрылғысын Брайль қарпін қолданатын адамдарға арналған технологияларды әзірлейтін Bristol Braille коммерциялық емес ұйымы жасаған. Оның басты ерекшелігі — ақпаратты бір жолмен ғана емес, бірнеше жолға қатар шығара алуы. Бұл пайдаланушыларға мәтінді оқуға, деректерді талдауға және арнайы бағдарламалармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Бат-Спа университетінің оқытушысы Холли Бейкердің айтуынша, жаңа құрылғы зағип адамдардың білім алу және кәсіби қызметтегі мүмкіндіктерін кеңейте алады.

«Негізінде, бұл — көпжолды Брайль дисплейі орнатылған компьютер», — дейді ол.

Сырттай компьютер пернетақтасына ұқсайтын құрылғының бетінде ұсақ тесіктер қатары орналасқан. Сол тесіктерден Брайль таңбаларын құрайтын нүктелер көтеріліп, қайта төмен түседі. Пайдаланушы ақпаратты саусақтарымен сипап оқиды. Жүйе экрандағы визуалды ақпаратты Брайль қарпіне айналдырып, мәтіндік файлдарды өңдеуге және деректерді арнайы қосымшалар арқылы қарауға жағдай жасайды.

Холли Бейкер үшін мұндай технологияның маңызы зор. Бұған дейін дәріс оқу кезінде қажетті жазбаларға жүгіну оған қиындық туғызған. Біржолды Брайль дисплейі мәтінді шектеулі көлемде көрсетсе, синтезделген сөйлеу арқылы ақпарат тыңдау оқытушының назарын бөліп, жұмысын күрделендіреді.

«Көпжолды Брайль дисплейі болмаса, мен не мәтінді бір жолдан оқуға, не синтезделген сөйлеуге сүйенуге мәжбүрмін. Құлаққа үздіксіз сөйлеп тұратын дауыс назарымды басқа жаққа аударады», — дейді Бейкер.

Ұлыбританияда көру қабілеті бұзылған шамамен екі миллион адам тұрады. Олардың 340 мыңға жуығы соқыр немесе нашар көретін адам ретінде ресми тіркелген. Ал Брайль қарпін пайдаланушылардың саны шамамен 20 мың адамды құрайды.

Брайль жүйесін XIX ғасырдың 1820-жылдарында француз өнертапқышы Луи Брайль ойлап тапқан. Ол әріптер мен сандарды саусақпен сезуге болатын бедерлі нүктелер арқылы белгілеуге негізделген. Бүгінде бұл жүйе мәтінді ғана емес, музыкалық ноталар мен математикалық белгілерді де оқуға мүмкіндік береді. Алайда ақпаратты цифрлық форматқа бейімдеу әлі де өзекті мәселе болып отыр.

Bristol Braille ұйымының негізін қалаған әрі оны басқаратын Эд Роджерстің айтуынша, Canute Scientific цифрлық ақпаратты Брайль қарпімен ұсыну арқылы осы мәселені шешуге бағытталған.

Құрылғының алдыңғы бөлігіндегі дисплейде бедерлі нүктелер қажетті таңбаларды қалыптастырады. Осылайша, пайдаланушы экранда көрсетілетін деректерді көзбен емес, сипап сезу арқылы қабылдай алады.

Ұйымда бір жылға жуық жұмыс істеп келе жатқан Крис Тернер де мұндай технологиялардың күнделікті өмірге әсерін атап өтеді. Оның сөзінше, құрылғылардың Bristol Braille ұйымының өзінде жасалуы тұтынушыларға оларды құрастырған мамандармен тікелей байланысуға мүмкіндік береді. Егер ақау туындаса, команда құрылғыны тексеріп, мәселені шешуге көмектесе алады.

Canute Scientific-тің негізгі мақсаты — көру қабілетінен айырылған адамдар үшін цифрлық ақпаратқа қолжетімділікті арттыру және олардың ғылым, технология, инженерия мен математика салаларында білім алуына жағдай жасау.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *