TechЭкономика

eGov Business қосымшасында кәсіпкерлерге арналған жаңа цифрлық сервис іске қосылды

Қазақстандық кәсіпкерлер eGov Business мобильді қосымшасы арқылы заңды тұлғалардың кредиттік және сақтандыру тарихы туралы мәліметтерді онлайн ала алады. Жаңа «ГКБ. Кредиттік және сақтандыру тарихының гиді» сервисі бизнеске қаржылық міндеттемелерді бақылап, компанияның қаржылық жағдайын бағалауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Tech-news. 

Сервис аясында пайдаланушылар үш түрлі есепке тапсырыс бере алады:

Қысқаша кредиттік есеп – компанияның қолданыстағы кредиттері мен мерзімі өткен берешектері туралы ақпарат береді.

Кредиттік есеп – заңды тұлғаның соңғы бес жылдағы кредиттік тарихын, соның ішінде қолданыстағы және жабылған кредиттік желілерін қамтиды.

Сақтандыру есебі – компанияның қолданыстағы және мерзімі аяқталған сақтандыру шарттары туралы мәліметтерді көрсетеді.

Есептерді электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы алуға болады. Бұл мүмкіндік компанияның бірінші басшыларына және «Қазынашылық» жүйесіне енгізілген сенімді қызметкерлеріне қолжетімді.

Сервисті пайдалану тәртібі:

eGov Business мобильді қосымшасына кіріңіз.

«Сервистер» бөлімінен «ГКБ. Кредиттік және сақтандыру тарихының гиді» қызметін таңдаңыз.

Жеке деректерді пайдалануға келісім беріңіз.

Қажетті есеп түрін таңдап, ЭЦҚ арқылы сұрау жіберіңіз.

Дайын есепті жүктеп, телефонға сақтаңыз.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Шыңғыс Оразалимовтың айтуынша, жаңа сервис кәсіпкерлерге компанияның кредиттік міндеттемелері мен сақтандыру тарихы туралы ақпаратты жедел алуға көмектеседі. Бұл заңды тұлғаның қаржылық жағдайын бақылауды жеңілдетіп, бизнеске қатысты шешімдерді нақты деректер негізінде қабылдауға мүмкіндік береді.

Оның мәліметінше, биыл жаңартылған eGov Business қосымшасында 124 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген. Ал ай сайын сервисті тұрақты түрде шамамен 46 мың кәсіпкер қолданады.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *