Қазақстан ауқымды «Kazakhstan Data Center Valley» бастамасы аясында өңірлік ЖИ-хаб құрудың негізін қалауда. GITEX 2026 халықаралық технологиялық көрмесі аясында Орталық Еуразияның болашақ цифрлық келбетін айқындайтын стратегиялық меморандумға қол қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Tech-news.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, «Қазақтелеком» АҚ және БАӘ-нің технологиялық гиганты — Presight компаниясы осы жобаны іске асыру үшін күш біріктірді. Құжатқа Премьер-Министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин және Presight Бас директоры Томас Прамотедхам қол қойды.
«Kazakhstan Data Center Valley» бастамасы жаһандық технологиялық ойыншылардың басын қосатын нүктеге айналып, оларға теңдессіз есептеу қуаттарына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл әлемдік жетекші ІТ-кластерлермен бәсекелесе алатын, қолжетімді энергияның, жоғары цифрлық байланыстың және озық GPU/HPC инфрақұрылымының синергиясы ең күрделі жасанды интеллект алгоритмдерін өңдеуге мүмкіндік беретін экожүйені құру туралы болып отыр. Жоба үшін Екібастұз қаласында қуатты электр станцияларының жанынан 200 гектарға жуық аумақ белгіленді, ал келешекте оны 1300 гектарға дейін кеңейту мүмкіндігі бар. Бұл ІТ-гиганттардың жұмысы үшін өте маңызды тұрақты энергиямен жабдықтауды кепілдендіреді.
«Мемлекет басшысының жасанды интеллектті, цифрлық инфрақұрылымды және жаңа экономиканы дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында біз Data Center Valley жобасын іске асыруға кірісеміз. Бұл — энергия, инфрақұрылым және деректер есептеу қуатына, ЖИ-сервистеріне және экспорттық әлеуеті бар цифрлық өнімдерге айналатын экономиканың жаңа моделіне жасалған қадам.
Біз Қазақстан өңірдегі ЖИ-әзірлемелері үшін негізгі гравитациялық орталыққа айналатын жағдай жасап жатырмыз. Ұлттық ресурстарды Presight-тың халықаралық тәжірибесімен және «Қазақтелекомның» техникалық мүмкіндіктерімен біріктіре отырып, біз жаңа цифрлық экономиканың қуатты іргетасын қалаймыз.
Қазақстан ЖИ-есептеулерінің экспорты есебінен токен-экономикасына көшеді. Бұл еліміздің есептеу әлеуеті жаһандық нарықта сұранысқа ие токенделген жүйелер, цифрлық келісімшарттар мен өнімдер арқылы экономикалық айналымның жаңа формасына ие бола алатынын білдіреді.
Жоба Smart City, энергетика, өнеркәсіп және мемлекеттік басқару салаларында ауқымды шешімдерді енгізудің базасына айналады, сондай-ақ Қазақстанның ЖИ-инфраструктурасы мен технологиялық көшбасшылықтың өңірлік орталығы ретіндегі ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Меморандум аясында тараптар өнімділігі жоғары жүйелерді орналастыруға, гипермасштабты деректерді өңдеу орталықтарын салуға және икемді реттеуші база құруға баса назар аударады.
«Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусиннің айтуынша, G42 экожүйесінің бөлігімен ынтымақтастық бізге үлкен деректер және ЖИ-ді ұлттық деңгейде енгізу саласындағы озық тәжірибеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Еліміз жаһандық ойыншыларға қолжетімді энергиядан бастап жоғары цифрлық байланысқа дейінгі ең жақсы жағдайларды ұсынуға дайын.
Жобаның негізгі мақсаты — Қазақстанға әлемдегі ірі ІТ және ЖИ компанияларын тарту. Цифрлық сервистерді локализациялау технологиялық егемендікті нығайтып қана қоймай, жаһандық нарыққа цифрлық қызметтерді, ЖИ-есептеулерін және жаңа цифрлық өнімдерді экспорттау үшін бірегей жағдай жасайды. Болашақта мұндай инфрақұрылым есептеу қуаттары мен цифрлық құндылық экономикалық айналымның жаңа формаларына ие болатын токенделген сервистерді дамытудың негізіне айналуы мүмкін.
Presight Бас директоры Томас Прамотедхам компания Қазақстанды Орталық Азиядағы егеменді жасанды интеллектіні дамытудың негізгі орталықтарының бірі ретінде қарастыратынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл есептеу қуаттары энергия немесе көлік сияқты стратегиялық ресурсқа айналатын жаңа цифрлық экономиканың іргетасы, ал құрылатын платформа ЖИ шешімдерін мемлекеттік деңгейде ауқымдандыруға мүмкіндік береді.
Деректерді өңдеу орталығы — заманауи цифрлық экономиканың жүрегі екенін түсіну маңызды. Бұл банктердің, мемлекеттік қызметтердің, бұлтты қоймалардың және ЖИ негізіндегі жаңа қосымшалардың жұмысына негіз болатын мыңдаған серверлері бар мамандандырылған алаңдар. «Деректерді өңдеу орталығы алқабы» осындай қуаттарды бір аумаққа шоғырландырып, Қазақстанды болашақтың жаһандық архитектурасының негізгі буынына айналдыруға бағытталған.










