TechПолитика

Huawei АҚШ-та 12 айыптың 10 бойынша кінәлі деп танылды

Қытайлық Huawei телекоммуникациялық компаниясы АҚШ-тағы ұзаққа созылған қылмыстық іс бойынша алқабилер шешімімен 12 айыптың 10-ы бойынша кінәлі деп танылды. Компанияға Ирандағы бизнесі туралы банктерге жалған ақпарат беру, АҚШ санкцияларын бұзу және америкалық технологиялық компаниялардың коммерциялық құпиясын заңсыз иемдену айыптары тағылған, деп хабарлайды Tech-news. 

Нью-Йорктің Бруклин ауданындағы федералдық сотта өткен процесте алқабилер Huawei-ді банк алаяқтығы, электронды байланыс арқылы жасалған алаяқтық, санкцияларды бұзу және коммерциялық құпияны ұрлау мақсатындағы сөз байласу бойынша кінәлі деп тапты.

Сонымен бірге компания рэкетпен айналысатын қылмыстық ұйым құру және сот төрелігіне кедергі келтіру туралы екі айып бойынша ақталды.

Екі айдан астам уақытқа созылған сот процесінде прокуратура 60-тан астам куәгер шақырса, қорғау тарапы 15 адамның сөзін ұсынған. Huawei-ге қатысты үкімді 2027 жылғы 14 қыркүйекте АҚШ аудандық сотының судьясы Энн Доннелли шығарады. Компанияға қандай көлемде айыппұл салынатыны әзірге белгісіз.

АҚШ-тағы тергеу 2018 жылы басталған. Reuters агенттігінің 2012 және 2013 жылдардағы журналистік зерттеулері Huawei-дің Ирандағы операцияларын жария етіп, кейін бұл материалдар сотта да талқыланды.

Прокуратураның мәліметінше, компания Ирандағы коммерциялық қызметі туралы HSBC, Standard Chartered және BNP Paribas банктеріне толық әрі шынайы ақпарат бермеген. Осылайша Huawei америкалық санкцияларды айналып өтіп, Иранмен доллар арқылы есеп айырысуға мүмкіндік алған.

2020 жылы айыптау қорытындысына америкалық технологиялық компаниялардың коммерциялық құпиясын ұрлау туралы қосымша тармақтар енгізілді. Тергеушілер мұндай әрекеттер шамамен 20 жыл бойы жалғасқан деп санайды.

Сотта Huawei-дің Cisco компаниясының маршрутизаторларына арналған бастапқы кодты, Quintel компаниясының антенна технологиясын және CNEX жартылай өткізгіш өндірушісінің электронды платасына қатысты ақпаратты заңсыз иемденуге әрекеттенгені айтылды.

Прокуратура сонымен қатар компания қызметкері T-Mobile компаниясының робот-сынақ құрылғысының бір бөлігін жасырын алып кеткені туралы бейнежазбаны көрсетті. Тағы бір эпизодта Huawei инженері Fujitsu көрмесіндегі стендке рұқсатсыз кіріп, құрылғыны суретке түсіргені айтылды.

Ал компанияның қорғаушылары айыптаулармен келіспеді. Олардың пікірінше, прокуратура бір-бірінен бөлек оқиғаларды біріктіріп, ұзақ жылдарға созылған қастандық ретінде көрсеткен. Huawei өкілдері компанияның жетістігін еңбекке, инновацияға және ғылыми зерттеулерге салынған инвестицияға байланыстырады.

Компанияның адвокаты Брайан Хеберлиг алқабилер шешіміне көңілі толмайтынын мәлімдеді. Дегенмен рэкет туралы айып бойынша ақталуды Huawei-дің ішкі талаптарды сақтауға бағытталған корпоративтік мәдениетінің дәлелі ретінде бағалады.

Оның айтуынша, компания сот шешіміне апелляциялық шағым түсіруді жоспарлап отыр.

АҚШ прокуроры Джозеф Ночелла Huawei-дің әрекеттері америкалық ұлттық қауіпсіздікке, сауда жүйесіне және заң талаптарының орындалуына қауіп төндіргенін айтты.

Бұл даудың маңызды кезеңдерінің бірі – 2018 жылғы желтоқсанда Huawei қаржы директоры әрі компания негізін қалаушының қызы Мэн Ваньчжоудың Канадада АҚШ сұрауы бойынша ұсталуымен байланысты.

АҚШ тарапы Мэн Ваньчжоуды HSBC банкінің өкілін Huawei-дің Ирандағы қызметі туралы жаңылыстырды деп айыптады. Вашингтонның нұсқасы бойынша, бұл компанияға америкалық санкцияларды айналып өтіп, Иранмен қаржылық операциялар жүргізуге мүмкіндік берген.

Мэн Ваньчжоу АҚШ-қа экстрадициялауға қарсы үш жылға жуық күресті. Кейін ол кейінге қалдырылған қылмыстық қудалау туралы келісімге келіп, Қытайға оралды. 2022 жылы оған тағылған айыптар алынып тасталды.

Ол қазіргі сот процесінде куәлік берген жоқ. Алайда 2013 жылы Мэнмен кездескен HSBC қызметкері сотта жауап берді.

АҚШ 2019 жылы Huawei-ді сауда шектеулері тізіміне енгізген болатын. Бұл компанияның америкалық технологиялар мен компоненттерге қол жеткізуін айтарлықтай шектеді.

Соған қарамастан, Huawei халықаралық нарықтағы позициясын сақтап, Қытайдың жасанды интеллект саласын дамытуға бағытталған жобаларында маңызды ойыншылардың біріне айналды.

Қазір компанияның 170-ке жуық елде бизнесі бар, ал қызметкерлер саны 200 мыңнан асады.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа сот шешімі Huawei-дің жұмысын бірден тоқтатпайды. Дегенмен компанияға салынуы мүмкін айыппұлдар, апелляциялық процесс және АҚШ-пен технологиялық шектеулер оның халықаралық қызметіне қосымша қысым түсіруі мүмкін.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *