Қазақстанда жасанды интеллект көмегімен жасалған дипфейк видеолар арқылы инвестициялық алаяқтық көбейіп келеді. Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарды әлеуметтік желілерде таралып жатқан жалған жарнамаларға сенбеуге шақырды, деп хабарлайды Tech-news.
Министрліктің мәліметінше, интернет-алаяқтар AI технологияларын пайдаланып, танымал адамдардың қатысуымен шынайы көрінетін жалған бейнероликтер мен суреттер дайындайды. Бұл материалдарда азаматтарға қысқа мерзімде жоғары әрі «кепілді» табыс әкелетін инвестициялық жобалар ұсынылады.
Алаяқтардың негізгі мақсаты – адамның сеніміне кіру. Ол үшін олар мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы хабарлама жіберіп, арнайы мобильді қосымша орнатуды немесе белгісіз сілтемеге өтуді сұрайды. Кейін «инвестициялық шот ашу», «аккаунтты белсендіру» немесе «пайданы көбейту» деген сылтаумен үшінші тұлғалардың есепшоттарына ақша аударуға көндіреді.
Қаражат аударылғаннан кейін күдіктілер байланысқа шықпай қояды. Кей жағдайда олар «салық», «комиссия» немесе «сақтандыру төлемі» қажет деген желеумен жәбірленушіден қосымша ақша талап етуді жалғастырады.
ІІМ барлық анықталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары күдіктілерді анықтау, алаяқтық сайттар мен интернет-ресурстарды бұғаттау және заңсыз ақша аудару арналарының жолын кесу бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
Ведомство азаматтарға қаржылық шешім қабылдамас бұрын ұсынысты мұқият тексеруге кеңес береді. Атап айтқанда, кепілді жоғары табыс туралы уәделерге сенбеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз қосымшаларды жүктемеу және инвестициялық компанияларды тек ресми сайттар мен мемлекеттік тізілімдер арқылы тексеру қажет.
Егер интернет-алаяқтардың құрбаны болсаңыз немесе осындай әрекеттер туралы ақпарат білсеңіз, полицияға немесе 102 нөміріне дереу хабарласу ұсынылады.










