Президент Қазақстанда толыққанды e-Parliament жүйесін қалыптастыруды жеделдету қажет екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, цифрлық технологиялар заң шығару процесін ашық әрі тиімді етіп, қабылданатын шешімдердің салдарын алдын ала бағалауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Tech-news.
Мемлекет басшысы былтыр қазан айында Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысында Электрондық Парламент құру мәселесін көтергенін еске салды. Ол Қазақстанның e-Government жүйесін дамыту деңгейі бойынша әлемнің үздік 25 мемлекетінің қатарына енгенін атап өтіп, ендігі міндет – осы тәжірибені Парламент жұмысына енгізу екенін айтты.
Президенттің пікірінше, жаңа шақырылым депутаттары заң жобаларын әзірлеу кезінде цифрлық талдау құралдарына көбірек сүйенуі қажет. Атап айтқанда, болжамды сараптама жүргізіп, Big Data технологияларын пайдалану арқылы заңдардың экономикалық әсері мен әлеуметтік тәуекелдерін алдын ала модельдеу маңызды.
Сонымен қатар заң жобаларын сарапшылармен, азаматтық қоғам өкілдерімен және белсенділермен кеңінен талқылау ұсынылды. Президент цифрлық платформаларды пайдалану қоғамдық пікірталасқа қатысушылар санын арттырып, заң шығару процесінің ашықтығын күшейтетінін айтты.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың да осы процесте маңызды рөл атқаруы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, Құрылтай қоғамдағы өзекті мәселелерді уақытылы көтеретін ашық диалог алаңына айналып, азаматтардың ұсыныстары нақты нормативтік-құқықтық шешімдер қабылдау кезінде ескерілуі қажет.
Президент технологиялық прогресс мемлекеттік басқарудың ажырамас бөлігіне айналуы керек екенін айтып, цифрлық құралдарды тиімді пайдалану елдегі реформалардың сапасын арттыруға ықпал ететінін жеткізді.










