Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігі жолындағы ең ірі жоба – АЭС құрылысының қаржылық сұлбасы белгілі болды. Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің мәлімдеуінше, жобаны жүзеге асыру үшін Ресей Федерациясынан мемлекетаралық несие тартылмақ. Бұл келісім бойынша көршілес ел құрылыс шығындарының 85 пайызын өз мойнына алса, қалған 15 пайызын Қазақстан Үкіметі өз есебінен жабуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Tech-news.
Қазіргі таңда Астана мен Мәскеу арасында екі бірдей үкіметаралық құжат пысықталып жатыр. Оның бірі тікелей станцияның техникалық құрылысына қатысты болса, екіншісі қаржыландыру тетіктерін реттеуге бағытталған. «Росатомның» қатысуымен салынатын бұл жобаның алдын ала құны шамамен 15 миллиард долларға бағаланып отыр. Бұл қаражатқа әрқайсысының қуаты 1200 МВт болатын екі заманауи энергоблок бой көтеруі тиіс.
«Қаржыландыру бойынша мәселе болмайды. Белгілі бір формула айқындалды, соған сәйкес Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасының Үкіметіне мемлекетаралық несие береді. ұл мемлекетаралық несие болады. Қазір екі үкіметаралық келісім дайындалуда: бірі — атом станциясын салу туралы, екіншісі — Ресей тарапынан қаржыландыру беру туралы. Қаржыландыру Ресей Федерациясы тарапынан қарастырылып отыр, онда 85% несие түрінде, ал 15% – Қазақстан Үкіметі есебінен, – деді ол.
Станцияның алғашқы нүктесі ретінде Балқаш өңіріндегі Үлкен ауылы таңдалды. Сәтқалиевтің айтуынша, бұл алаңда жобалау-іздестіру жұмыстары толық аяқталған. Дегенмен, бұл – ұзаққа созылатын марафон: жобалаудың өзіне 7 жылға дейін уақыт кетсе, құрылыс жұмыстары 15 жылға дейін созылуы мүмкін. Сондай-ақ болашақта АЭС-тер Курчатов пен Қостанай өңірлерінде де салынуы мүмкін деген болжам бар.










