Шығыс Қазақстан облысында полиция алғаш рет робот-иттерді бұқаралық іс-шара кезінде қоғамдық тәртіпті бақылауға пайдаланды. Роботтар аумақты өздігінен патрульдеп, бейнебақылау жүргізеді және адамдардың жүзін тани алады, деп хабарлайды Tech-news.
Робот-иттер Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде өткен Nomad Álemi көшпенділер мәдениеті фестивалінде полиция қызметкерлерімен бірге аумақты патрульдеді. ШҚО полиция департаменті мұндай роботтарды бұқаралық іс-шарада қоғамдық тәртіпті сақтау үшін алғаш рет қолданып отыр.
Роботтарға аумақты бақылауға қатысты нақты міндеттер жүктелген. Олар белгіленген аумақты өздігінен аралап, үздіксіз бейнебақылау жүргізеді, видеоаналитика жасап, адамдардың жүзін тани алады.
«Роботтандырылған иттер белгіленген аумақты өздігінен патрульдеуге, үздіксіз бейнебақылау жүргізуге, видеоаналитика жасауға және адамдардың жүзін тануға қабілетті. Жиналған ақпарат нақты уақыт режимінде Жедел басқару орталығына беріледі. Соның арқасында қызметкерлер іс-шара аумағындағы жағдайды бақылап отыра алады», – деп хабарлады ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Робот-иттер жарқылдауық маяктармен және кіріктірілген дауысзорайтқыштармен жабдықталған. Қажет болған жағдайда полиция солар арқылы фестивальге келушілерге дауыстық ескерту жасай алады.
Робот іс жүзінде жылжымалы бақылау нүктесінің қызметін атқарады. Ол берілген бағыт бойынша өздігінен қозғалып, камераға түскен бейнені бірден Жедел басқару орталығына жібереді. Осылайша орталықтағы полиция қызметкерлері робот тұрған аумақтағы жағдайды қашықтан бақылай алады.
ШҚО полиция департаментінің мәліметінше, роботтандырылған кешендер өңірдің цифрлық қауіпсіздік жүйесінің жаңа элементіне айналған. Nomad Álemi фестивалі робот-иттер қоғамдық тәртіпті сақтау жұмысына тікелей тартылған облыстағы алғашқы бұқаралық іс-шара болды.










