Қазақстанда пойыздардағы спутниктік интернет желісі кеңейтіледі. Қыркүйек айының соңына дейін 50 бағыттағы 124 пойызды Starlink жүйесіне қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Tech-news.
Қазірдің өзінде Starlink 59 пойызда және 770-тен астам вагонда жұмыс істейді. Спутниктік интернетке қосылатын бағыттардың қатарында Павлодар – Алматы, Астана – Алматы, Астана – Өскемен және Ақтөбе – Атырау бағыттары бар.
Жүйе арқылы интернет жылдамдығы 100 Мбит/с-қа дейін жетуі мүмкін. Оның басты артықшылығы — ұялы байланыс әлсіз немесе мүлде қолжетімсіз болатын жол учаскелерінде де интернетке қосылуға мүмкіндік беруі.
Алайда барлық жолаушыға толыққанды интернет тегін берілмейді. Негізгі тегін пакетте WhatsApp пен Telegram арқылы мәтіндік хабарламалар жіберу мүмкіндігі қарастырылған.
Ал әлеуметтік желілерді пайдалану, сайттарға кіру және басқа интернет қызметтері үшін бөлек ақылы пакеттерді іске қосу жоспарланып отыр.
Starlink Қазақстандағы теміржол бағыттарында байланыс сапасын арттыруға арналған инфрақұрылымның бір бөлігіне айналмақ.










