АҚШ президенті Дональд Трамп жасанды интеллектіні «Super Intelligence» — «суперинтеллект» деп атауды ұсынды. Бұл атау ЖИ технологияларының мүмкіндіктерін дәлірек сипаттайды деп санайды президент, деп хабарлайды Tech-news.
Трамп соңғы мәлімдемелерінде «artificial intelligence» атауын сәтсіз әрі дәл емес деп атай бастаған. Оның пікірінше, қазіргі технологиялардың дамуын ескере отырып, «суперинтеллект» термині орындырақ.
Бұл ұсыныс технологияның техникалық атауын өзгерткеннен гөрі, АҚШ әкімшілігінің ЖИ-ға қатысты риторикасындағы өзгерісті көрсетеді.
23–25 қыркүйекте Вашингтонда өткен АҚШ пен Қытай арасындағы жоғары деңгейдегі кездесулер барысында жасанды интеллект тақырыбы да талқыланды.
Reuters мәліметінше, екі ел технологияға қатысты жаңа термин ретінде «Super Intelligence» атауын қолдануға келіскен. Сонымен қатар тараптар ЖИ-дың пайдасы мен тәуекелдерін талқылау үшін диалог жүргізуге және технологияға байланысты ықтимал инциденттер бойынша байланыс арнасын құруға уағдаласқан.
Трамптың ЖИ-ды «суперинтеллект» деп атауы технологиялық терминологиядағы символдық өзгеріс ретінде қарастырылып отыр. Ал технология саласында «superintelligence» әдетте адам интеллектінен асып түсетін гипотетикалық ЖИ жүйелерін сипаттау үшін қолданылады. Ақ үйдің 2026 жылғы экономикалық есебінде де бұл термин осындай мағынада түсіндірілген.
АҚШ әкімшілігі ЖИ-ды мемлекеттік секторда қолдануды кеңейтіп жатыр. 29 қыркүйекте Ақ үй America.gov бірыңғай мемлекеттік порталын іске қосып, оның жұмысында Super Intelligence технологияларын пайдаланатынын мәлімдеді.










