TechОбществоTop

Қазақстан NASA-мен ғарыш технологиялары бойынша ынтымақтастықты кеңейтпек

Байқоңырда Қазақстан мен NASA өкілдері ғарыш саласындағы бірлескен жобаларды талқылады. Кездесуде спутниктік технологиялар, астрофизика, Жерді қашықтан зондтау және мамандар даярлау бағытындағы ынтымақтастыққа басымдық берілді, деп хабарлайды Tech-news. 

Байқоңыр ғарыш айлағында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев NASA басшысы Джаред Айзекманмен жұмыс кездесуін өткізді.

Тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы ғарыш саласындағы әріптестікті кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Күн тәртібінде астрофизика, спутниктік технологиялар, Жерді қашықтан зондтау және ғылыми зерттеулер бойынша бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері болды.

Кездесу барысында екі елдің ғылыми ұйымдары мен жоғары оқу орындарының байланысын нығайтуға да ерекше назар аударылды. Әңгіме ғарыш саласына мамандар даярлау, академиялық ынтымақтастықты дамыту және коммерциялық жобаларды жүзеге асыру жайында өрбіді.

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, NASA-мен серіктестік Қазақстанның ғылыми және технологиялық әлеуетін күшейту үшін стратегиялық маңызға ие.

«Қазақстан NASA-мен нақты нәтижелерге бағытталған ұзақ мерзімді практикалық өзара іс-қимыл орнатуға, яғни бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыруға, инновациялық технологияларды енгізуге және жаңа буын мамандарын даярлауға мүдделі», — деп атап өтті министр.

Кездесу қорытындысында тараптар диалогты жалғастыруға келісті. Енді екі жақтың салалық командалары ынтымақтастықтың нақты іс-қимыл жоспарын әзірлейді.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *