Қазақстан жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтетін AI Opportunity Partnership бастамасына ресми түрде қосылды. Бұл қадам елге AI инфрақұрылымын дамытуға инвестиция тартуға, ғылыми жобаларды іске асыруға және жаңа технологиялар нарығындағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Tech-news.
Құжатқа Вашингтонда Қазақстан атынан Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қол қойды.
AI Opportunity Partnership – жасанды интеллектіні дамытуға арналған ортақ халықаралық бастама. Ол қатысушы елдердің инновацияларды қолдайтын құқықтық орта қалыптастыруына, технологиялық кәсіпкерлікті дамытуына және AI экожүйесін бірге жетілдіруіне бағытталған.
Бастама аясында стартаптарды қолдау, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (R&D) дамыту, жеке инвестицияларды тарту, жоғары өнімді есептеу инфрақұрылымына қолжетімділікті кеңейту және сенімді AI жүйелерін қалыптастыру көзделген.
Құжат тек бағдарламалық жасақтаманы емес, жасанды интеллектінің физикалық инфрақұрылымын да қамтиды. Әңгіме стратегиялық маңызы бар минералдар, энергия ресурстары, деректерді өңдеу орталықтары (Data Center), есептеу қуаттары, жартылай өткізгіштер өндірісі, инженерлік кадрларды даярлау және жеткізу тізбектерін дамыту туралы болып отыр.
Қазақстан үшін бұл серіктестік бірнеше бағытта жаңа мүмкіндік ашады. Атап айтқанда, AI инфрақұрылымына инвестиция тарту, стратегиялық минералдарды өңдеу саласын дамыту, инженерлер мен жасанды интеллект мамандарын даярлау, сондай-ақ халықаралық ғылыми жобаларға қатысу мүмкіндігі артады.
Бастаманың маңызды бағыттарының бірі – озық AI модельдеріне қолжетімділікті кеңейту. Бұл ашық (open-source) және жабық коммерциялық модельдерді пайдаланып, жаңа цифрлық өнімдер мен сервистерді әзірлеуге жол ашады.
Жоба Қазақстанның ұлттық AI инфрақұрылымын дамыту, технологиялық кәсіпкерлікті қолдау және стратегиялық технологиялар саласындағы халықаралық серіктестікті күшейту жөніндегі жоспарымен үндеседі. Ұзақ мерзімде бұл қадам елдің жаһандық AI экожүйесіне белсенді интеграциялануына және жоғары технологиялар секторындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етуі мүмкін.










