Бағдарламалау кезінде қолданылатын жасанды интеллект сервистері компаниялар үшін барған сайын қымбаттап барады. Gartner сарапшыларының бағалауынша, кейбір ұйымдарда бір ғана әзірлеушіге арналған AI-құралдардың айлық шығыны бірнеше мың, тіпті ондаған мың долларға дейін жетуі мүмкін, деп хабарлайды Tech-news.
Бұған дейін GitHub Copilot секілді код жазуға арналған көптеген AI-қызметтері тұрақты айлық жазылым арқылы ұсынылатын. Қазір нарықтағы ірі жеткізушілер біртіндеп pay-as-you-go моделіне ауысып жатыр. Яғни төлем пайдаланушы тұтынған есептеу ресурсына қарай есептеледі.
Мұнда негізгі көрсеткіш – токендер. Бұл жасанды интеллект өңдейтін мәтіннің көлемін өлшейтін бірлік. AI неғұрлым көп кодты талдап, көбірек жауап генерацияласа, соғұрлым токен саны артып, қызмет құны да өседі.
Gartner мәліметінше, осы өзгерістің салдарынан бір әзірлеушіге кететін айлық шығын бұрынғы 20–100 доллардың орнына 2–5 мың долларға дейін жетуі мүмкін. Кейбір ерекше жағдайларда бұл көрсеткіш 20 мың долларға дейін өседі.
Сарапшылардың айтуынша, мәселе тек бағаның көтерілуінде емес. AI сервистерін ұсынатын компаниялар токендердің қалай есептелетінін әрдайым ашық түсіндірмейді. Соның салдарынан бизнеске шығынды алдын ала болжау және бюджетті жоспарлау қиындай түседі.
Gartner компаниясының аға сарапшысы Нитиш Тьяги көптеген жеткізуші пайдаланушыларды көбірек токен жұмсауға ынталандыратынын айтады. Нарықта «ресурс неғұрлым көп қолданылса, өнімділік те соғұрлым жоғары болады» деген түсінік қалыптасқанымен, Gartner зерттеуі мұндай тікелей байланысты растамаған.
Компания сарапшылары AI-ды тиімді пайдалану үшін тапсырмаларды дұрыс бөлуді ұсынады. Қарапайым жұмыстарды арзанырақ әрі жеңіл модельдерге беру, ал күрделі бағдарламалау міндеттеріне ғана қуатты жүйелерді қолдану шығынды айтарлықтай азайтуы мүмкін. Сонымен бірге AI-ға нақты әрі дұрыс жазылған сұраныс (prompt) артық токен жұмсаудың алдын алып, нәтижені де жақсартады.
Gartner болжамынша, қазіргі үрдіс өзгермесе, 2028 жылға қарай код жазуға арналған AI сервистерінің құны кейбір елдерде бағдарламашылардың орташа жалақысынан асып түсуі ықтимал. Бұл әсіресе жалақы деңгейі төмен мемлекеттерде айқын байқалады.
Мысал ретінде сарапшылар Үндістанды келтіреді. Онда бағдарламалау AI-сервистеріне кететін шығын қазірдің өзінде тәжірибелі бағдарламалық жасақтама инженері алатын жалақыға жақындап қалған.










