Премьер-министр Олжас Бектенов Астанада Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ), ExxonMobil және Marubeni Corporation басшыларымен кездесіп, инвестициялық серіктестікті кеңейту мәселелерін талқылады. Келіссөздердің негізгі тақырыптары қатарында цифрландыру, жасанды интеллект, инфрақұрылым және энергетика салаларындағы жаңа жобалар болды, деп хабарлайды Tech-news.
Кездесулер Қазақстан Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысы аясында өтті. Тараптар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдына қойған жаңа инвестициялық циклді іске асыру және экономиканы әртараптандыру міндеттері төңірегінде пікір алмасты.
Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен өткен кездесуде құрылыс, көлік, өнеркәсіп және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру, жасанды интеллект жобаларына инвестиция тарту, сондай-ақ қаржы секторындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.
Бүгінде ЕҚДБ Қазақстанда жалпы құны 12,7 млрд долларды құрайтын 354 жобаны қаржыландырған. Оның ішінде шағын және орта бизнес, энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы, қаржы және IT салалары бар.
Одиль Рено-Бассоның айтуынша, биыл Қазақстанға бағытталған ЕҚДБ инвестициясының көлемі рекордтық деңгейге жетуі мүмкін. Қазірдің өзінде 800 млн еуродан астам қаржы игерілген, ал жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 1,3 млрд еуродан асады деп күтіліп отыр.
ExxonMobil компаниясының аға вице-президенті Питер Ларденмен өткен кездесуде Теңіз, Қашаған және Каспий құбыр консорциумы жобаларының қазіргі барысы талқыланды. Сонымен қатар өндірістік тиімділікті арттыру және технологиялық жаңғырту бағытындағы ынтымақтастық мәселелері сөз болды.
Ал Marubeni Corporation басқарушы атқарушы директоры Сатору Ичинокавамен келіссөздер қазақ-жапон экономикалық байланыстарын кеңейтуге арналды. Тараптар энергетика мен өнеркәсіп саласындағы бірлескен жобаларды дамытуға және екі елдің бизнес қауымдастықтары арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге қызығушылық білдірді.
Кездесулер қорытындысында барлық тарап Қазақстан экономикасының басым бағыттарында жаңа инвестициялық бастамаларды іске асыруға және қолданыстағы жобаларды дамытуға дайын екенін растады.










