Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей басшысы Владимир Путин AI Journey 2026 халықаралық конференциясы аясында жасанды интеллект технологияларына арналған көрмені аралады. Экспозицияда екі елдің мемлекеттік басқару, қаржы, көлік, білім беру және денсаулық сақтау салаларында енгізіп жатқан цифрлық шешімдері көрсетілді, деп хабарлайды Tech-news.
Қазақстанның көрме алаңы алты негізгі бағытты қамтыды. Олардың қатарында «Технологиялық ұлт», Startup City, GovTech, Aitu, сондай-ақ көлік және FinTech салаларында жасанды интеллектіні қолдану жобалары бар.
Ресей тарапы білім беру, медицина, қала құрылысы, сот жүйесі және мұнай өнеркәсібіне арналған технологиялық әзірлемелерін таныстырды. Көрмеде цифрлық шешімдердің түрлі салалардағы практикалық мүмкіндіктеріне назар аударылды.
Сонымен қатар екі елдің салалық ведомстволарының басшылары жасанды интеллект негізінде жүзеге асырылып жатқан басым жобалар туралы баяндады.
Айта кетейік, AI Journey («Жасанды интеллект әлеміне саяхат») конференциясы 2016 жылдан бері өткізіліп келеді. Халықаралық жиын AI технологияларын дамыту, оларды экономика мен қоғамның түрлі салаларына енгізу мәселелерін талқылайтын маңызды алаңдардың біріне айналған.









