Қазақстан Президенті жасанды интеллектінің дамуы алдағы жылдары одан әрі жеделдеп, әлемдік өзгерістерге айтарлықтай әсер ететінін айтты. Мемлекет басшысы AI саласын дамыту үшін елде қажетті заңнамалық негіз қалыптасқанын, алайда атқарылатын жұмыс әлі көп екенін атап өтті, деп хабарлайды Tech-news.
Тоқаевтың сөзінше, цифрландыру мен жасанды интеллект Қазақстанның стратегиялық басымдықтарының бірі саналады. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін 2026 жыл елімізде «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жарияланды.
Президент бұл бастама бір жылмен шектелмейтінін жеткізді. Биыл цифрлық технологияларды дамытуға қатысты маңызды қадамдар жасалып, тиісті заңдар мен нормалар қабылданды. Ендігі міндет – жасанды интеллектінің қарқынды дамуына сай мемлекеттік саясат пен басқару жүйесін жетілдіру.
Мемлекет басшысы жастардың болашағына да тоқталды. Оның пікірінше, бүгінгі ұрпақтың алдында үлкен мүмкіндіктер бар, ал елдің келешегі олардың білімі мен бастамасына байланысты. Сондай-ақ Тоқаев Қазақстан жастарын Ресейдегі әріптестерімен және серіктестерімен бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.










