Авто

Қазақстанда автокомпонент өндірісін кеңейту жоспарланып отыр

Қазақстанда автомобиль өндірісін дамыту және автобөлшектерді жергілікті жерде шығару көлемін арттыру мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Hyundai Motor Group президенті әрі стратегия және жоспарлау бөлімінің жетекшісі Сунг Киммен кездесуінде осы бағыттағы ынтымақтастықты кеңейтуге назар аударды, деп хабарлайды Tech-news. 

Кездесуге Hyundai Motor Group құрамындағы Hyundai Engineering және Kia компанияларының өкілдері де қатысты.

Президент Hyundai Motor Group-тың Қазақстандағы автомобиль өнеркәсібінің қалыптасуына қосқан үлесін атап өтті. Оның айтуынша, ендігі міндет — өндірісті одан әрі локализациялау, яғни автокөлікке қажетті бөлшектерді Қазақстанның өзінде көбірек шығару және экспорт мүмкіндігін арттыру.

Бұл бағытта Алматыдағы Hyundai және Қостанайдағы Kia зауыттарына ерекше мән берілмек. Қазақстан автомобиль өндірісі мен экспорты бойынша өңірдегі ірі орталықтардың біріне айналуды көздейді. Сонымен қатар өндірістің толық циклін қалыптастыру жоспарланып отыр.

Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты — электр көліктері. Кездесуде электромобиль шығарумен қатар, оларға арналған бөлшектер өндірісін дамыту және зарядтау инфрақұрылымын құру мәселелері де қозғалды.

Сунг Ким Hyundai мен Kia жобаларына көрсетілген мемлекеттік қолдау үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан Hyundai Motor Group үшін тек нарық емес, ТМД елдеріне шығуға мүмкіндік беретін маңызды өңірлік орталық саналады.

Компания Қазақстандағы қызметін кеңейтіп, өндірісті локализациялау деңгейін арттыруға дайын екенін растады.

Сонымен қатар Hyundai Engineering мұнай-газ, өнеркәсіп және инфрақұрылым салаларындағы жобалар бойынша ынтымақтастықты күшейтуге ниетті. Ал Kia өкілдері Қазақстанның ұлттық автомобиль брендін қалыптастыруға атсалысуға дайын екенін жеткізді.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *