Президент елде мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың жаңа кезеңі басталатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл кезекті әкімшілік реформа емес, мемлекеттік басқару моделін қайта құруға бағытталған ауқымды өзгерістер болады, деп хабарлайды Tech-news.
Мемлекет басшысы ертеңнен бастап іске қосылатын бастама Қазақстан үшін жаңа тарихи кезеңнің бастауы екенін айтты. Президент бұл процесті «қазақ мемлекеттігінің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізумен» салыстырып, басты мақсат – Тәуелсіздік пен егемендіктің берік негізін сақтай отырып, басқару жүйесін жаңа деңгейге көтеру екенін атап өтті.
Президенттің сөзінше, бұл жұмысқа мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, ғылыми және академиялық қауымдастық, сараптамалық орталықтар, үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері де атсалысуы қажет.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында Қазақстанды үш жылдың ішінде дамыған цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойғанын еске салды. Оның пікірінше, елдің болашақтағы бәсекеге қабілеттілігі осы мақсаттың қаншалықты тиімді жүзеге асырылатынына байланысты.
Президент ұлттық қауіпсіздік мәселесіне де тоқталып, Тәуелсіздік пен егемендікті нығайту тұрақты назарда болуы тиіс екенін айтты. Ол қазіргі жағдайда мемлекет алдында халықтың әл-ауқатын арттыру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өмір сапасын жақсарту міндеті тұрғанын жеткізді.
Сөз соңында Мемлекет басшысы ауқымды реформаларды іске асыру үшін барлық деңгейде жүйелі әрі нәтижелі жұмыс қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ алдағы кезеңге арналған басымдықтарды айқындап, бірлескен жұмыстың қорытындысын шығару маңызды екенін айтты.










