Қазақстанда халықаралық Network School білім беру жобасының алғашқы кампусын ашу жоспарлануда. Бұл бастама жасанды интеллект, технологиялық кәсіпкерлік және инновациялар бағытында мамандар даярлауға арналған жаңа экожүйе қалыптастыруды көздейді, деп хабарлайды Tech-news.
Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Network School стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат AI, инновациялар, технологиялық кәсіпкерлік және адами капиталды дамыту салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруды қарастырады.
Меморандумға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Network School негізін қалаушы Баладжи Шринивасан қол қойды.
Network School — Coinbase криптобиржасының бұрынғы техникалық директоры, Andreessen Horowitz венчурлық қорының экс-серіктесі әрі әлем бойынша 500-ден астам технологиялық компанияны біріктіретін экожүйеге инвестиция салған кәсіпкер Баладжи Шринивасанның бастамасы.
Жоба жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және стартаптарды дамыту саласында халықаралық тәжірибені Қазақстанға тартуға бағытталған. Күтіліп отырған кампус жаңа буын инженерлерді, кәсіпкерлерді және AI мамандарын даярлайтын білім беру алаңына айналуы мүмкін.










