Жоғары білім беру жүйесінде ЖИ саласындағы мамандарды даярлау үшін реттеуші модель құру аяқталды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында QS халықаралық агенттігімен бірлескен зерттеу қорытындылары және оқытудың жаңа стандарттары туралы айтты, деп хабарлайды Tech-news.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда барлық студенттердің оқу жоспарына, оқу бейініне қарамастан, ЖИ пәндері енгізілген. Сонымен қатар бірыңғай ЖОО аралық стандарт бекітілді, ал Академиялық адалдық лигасы білім беруде ЖИ пайдалану бойынша нұсқаулықты қабылдады.
Сондай-ақ диссертацияларды дайындау кезінде жасанды интеллектіні қолдануды реттейтін ғылыми дәрежелерді беру қағидаларына толықтырулар енгізілді. Оқытушылар үшін жасанды интеллект саласында біліктіліктілікті міндетті түрде арттыру енгізілді. Барлық жоғары оқу орындары үшін жасанды интеллектіні қолдану бойынша KPI көрсеткіштері бекітілді.
«Осы әлеуетті жүзеге асыру үшін кадрлар даярлау мақсатында біз қажетті нормативтік-құқықтық базаны қалыптастырдық. Жасанды интеллект пәндері барлық студенттер үшін, мамандығына қарамастан, міндетті болып енгізілді», — деп атап өтті министр.










