TechЭкономика

Қытай Қазақстанға 30 млрд доллардан астам инвестиция құйды

Қытай Қазақстан экономикасына 30 миллиард доллардан астам инвестиция салған. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай бизнес қауымдастығы өкілдерімен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды Tech-news. 

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық әріптестік жаңа кезеңге өтіп, ірі өндірістік және технологиялық жобалар арқылы кеңейіп келеді.

Президенттің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 49 миллиард долларға жетіп, тарихи рекорд орнатқан. Қазір Қазақстанда қытай капиталының қатысуымен 8500-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында CNPC, CITIC және Huawei сияқты халықаралық компаниялар бар.

Тоқаев Қытай бизнесінің Қазақстандағы өндірісті жаңғыртуға және жаңа технологияларды енгізуге елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бірлескен жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, өнеркәсіптік кооперацияны күшейтуге мүмкіндік берген.

Қазір тараптар бірнеше ірі жобаны қатар жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, Sinopec компаниясымен газ-химия кешені, Fufeng Group компаниясымен жүгеріні терең өңдеу зауыты және Lihua Group компаниясымен мақта-тоқыма кластері салынуда.

Сонымен бірге қытайлық автоконцерндер Қазақстанда өндірісті белсенді дамытып келеді. Елде HOWO, Yutong және JAC маркалары құрастырылып жатыр. Ал өткен жылы Changan, Great Wall Motor және Chery брендтерінің мультибрендті автомобиль өндірісі іске қосылды.

Президенттің пікірінше, бұл жобалар Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың шикізатпен ғана шектелмейтінін көрсетеді. Серіктестік барған сайын өнеркәсіпті жаңғыртуға, жоғары технологияларға және бірлескен өндірісті дамытуға бағытталып келеді.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *