Искусственный Интеллект

Қазақстанда OpenAI серіктестігімен ірі AI-хакатон өтеді

23 қыркүйекте Астанада HackAlem AI хакатоны өтеді. Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылатын ауқымды жарысқа елден және шетелден мыңдаған әзірлеуші, студент, жас маман мен IT-энтузиаст қатыса алады. Хакатонның ресми технологиялық серіктесі — OpenAI, деп хабарлайды Tech-news. 

Қатысушылар өз идеяларын дайын AI-прототиптерге айналдыру үшін OpenAI технологиялық ресурстарын пайдалана алады. Олардың жалпы құны $1 млн-ға дейін жетеді. Бұдан бөлек, жеңімпаздарға $100 мың көлемінде OpenAI API-токендері, ал хакатонның негізгі жүлдегерлеріне жалпы $100 мың ақшалай сыйлық қоры қарастырылған. Осылайша, жоба аясындағы жүлделер мен технологиялық ресурстардың жиынтық құны $1,1 млн болады.

Үздік командаларды марапаттау рәсімі AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумында өтеді.

HackAlem AI-дың негізгі мақсаты — қатысушыларға қысқа уақыт ішінде идеядан жұмыс істейтін AI-өнімге дейін жетуге мүмкіндік беру. Командалар бизнеске, мемлекеттік секторға және экономиканың түрлі салаларына қажет нақты мәселелерді шешетін технологиялық жобалар әзірлейді.

Хакатонға 18 жастан асқан әзірлеушілер, студенттер, жас мамандар және IT-энтузиастар қатыса алады. Үміткерлердің технология немесе IT саласында білімі не тәжірибесі болуы керек. Оны жеке жобалар, прототиптер, қосымшалар немесе зерттеу жұмыстары арқылы да растауға болады.

Сонымен қатар IT, бағдарламалау, инженерия, технология, математика және цифрлық өнім дизайны бағыттарында оқып жүрген немесе соңғы 12 айда күндізгі бөлімде білім алған студенттер мен жас мамандар да қатыса алады.

Хакатонның маңызды шарты — 23 қыркүйекте Астанада өтетін офлайн іс-шараға жеке қатысу. Жол, тұру және қаладағы басқа да шығындарды қатысушылар өздері өтейді.

Қатысушылар OpenAI технологияларымен жұмыс істеумен қатар, HackAlem AI мерчі мен арнайы сертификаттарға ие болады. Іс-шара әзірлеушілерге, стартап негізін қалаушыларға және AI мамандарына жаңа кәсіби байланыстар орнатуға да мүмкіндік береді.

Қазылар алқасы негізгі бағыттар бойынша үздік AI-шешімдерді таңдайды. Әлеуеті жоғары жобалар хакатоннан кейін де дамытылып, серіктестермен бірге пилоттық жобаларға айналуы мүмкін.

HackAlem AI-ды Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub, Silkroad Innovation Hub, AI & Digital Bridge, Blockchain & AI Technology Center және OpenAI ұйымдастырып, серіктестік етеді.

Тіркелу басталды. Қатысуға өтінімді hackalem.ai платформасы арқылы беруге болады.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *