Қазақстан цифрлық қаржы активтері нарығын реттеу мен инфрақұрылым қалыптастыру кезеңінен нақты өнімдер шығаруға көшірмек. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 2027 жылды осы бағыттағы жаңа кезеңнің басталу жылы ретінде атады, деп хабарлайды Tech-news.
Бұл туралы ол Орталық Азия FinTech саммитіндегі панельдік сессияда мәлімдеді.
Ұлттық банк басшысының айтуынша, реттеушілер цифрлық қаржы активтері нарығының заңнамалық және инфрақұрылымдық негізін қалыптастырып қойды. Енді нарықтың дамуы банктер мен басқа да қатысушылардың белсенділігіне байланысты.
Сүлейменовтің болжамынша, 2026 жылдың соңына қарай жеке компаниялар қажетті лицензияларды алып, KASE платформасында алғашқы токенделген активтерді шығара алады.
Токенделген активтер — блокчейн технологиясы арқылы цифрлық форматта ұсынылатын нақты активтер немесе қаржы құралдары. Мұндай тәсіл дәстүрлі қаржы өнімдерін цифрлық ортаға шығаруға мүмкіндік береді.
«Негізінен, 2027 жыл дайындық, инфрақұрылымдық және реттеуші кезеңдерден нақты өнімдер кезеңіне көшетін іске қосу жылы болуы керек», — деді Ұлттық банк төрағасы.
Сүлейменов цифрлық активтермен жұмыс істеуге дәстүрлі қаржы институттарының дайындығын маңызды мәселелердің бірі ретінде атады.
Банктер мен басқа да қаржы ұйымдары ішкі рәсімдерін жаңа цифрлық құралдарға бейімдеуі керек. Бұл лицензиялау, операцияларды жүргізу және жаңа өнімдерді іске қосу тәртібін қайта қарауды талап етуі мүмкін.
«Біз, реттеушілер ретінде, айтарлықтай үлес қостық, енді бизнес те ілесуі керек», — деп қорытындылады Сүлейменов.
2027 жылы Қазақстанның цифрлық қаржы активтері нарығында негізгі назар ережелер мен инфрақұрылымнан нақты қаржы өнімдеріне ауысуы мүмкін.










