Қазақстанда ауа райын болжау жүйесі жаңартылды. «Қазгидромет» жыл басынан бері болжамдардың дәлдігін арттыру үшін жасанды интеллект элементтері бар WRF цифрлық моделін пайдаланып келеді, деп хабарлайды Tech-news.
Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, қазан және қараша айларында Қазақстанның басым бөлігінде орташа температура климаттық нормадан 1–2°C жоғары болуы мүмкін.
Қазан айында елдің көп бөлігінде жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейге жақын болады. Батыс пен солтүстік-батыста жауын-шашын нормадан көп түссе, оңтүстік, оңтүстік-шығыс және орталық өңірлердің оңтүстігінде, сондай-ақ Абай облысының жазық аумақтарында жауын-шашын мөлшері нормадан төмен болады деп күтіледі.
Қарашада жауын-шашын Қазақстанның басым бөлігінде норма шегінде сақталады. Ал Солтүстік Қазақстан облысында және Павлодар, Ақмола мен Қостанай облыстарының солтүстік аудандарында көрсеткіш нормадан жоғары болуы ықтимал.
WRF — атмосферадағы процестерді есептеп, алдағы ауа райын болжауға арналған сандық модель. «Қазгидромет» оны 2 және 6 шақырымдық кеңістіктік дәлдікпен пайдаланады. Жүйе 48 сағатқа дейінгі қысқа мерзімді болжамдардан бастап, 10 тәулікке дейінгі болжам жасауға мүмкіндік береді.
Жаңа технология тек күнделікті ауа райын болжаумен шектелмейді. Оның көмегімен агрометеорологиялық және гидрологиялық болжамдарды жетілдіру, сондай-ақ дауылды ескертулерді уақытында дайындау көзделген.
Ведомство бұл тәсіл мемлекеттік органдарға, ұйымдарға және тұрғындарға ауа райындағы ықтимал өзгерістер туралы дер кезінде ақпарат беруге мүмкіндік береді деп есептейді.










