TechЭкономика

Apple төлем технологиясын бәсекелестерге ашуы мүмкін

Ұлыбританияның Бәсекелестік және нарықтар басқармасы (CMA) Apple компаниясынан iPhone-ның контактісіз төлем технологиясына басқа компаниялардың қолжетімділігін кеңейтуді талап етпек. Реттеуші бұл өзгеріс балама төлем сервистерінің дамуына жол ашып, цифрлық әмияндар мен көлік билеттеріне арналған жаңа қосымшалардың пайда болуына мүмкіндік береді, деп хабарлайды Tech-news. 

CMA өкілдерінің пікірінше, Apple компаниясының қолданыстағы техникалық шектеулері мен әзірлеушілерге қоятын талаптары финтех-компаниялардың бәсекеге түсуіне кедергі келтіреді. Реттеуші сонымен қатар компанияның контактісіз төлем технологиясын пайдаланғаны үшін алатын төлемақысын едәуір төмендетуді көздейді.

Apple қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық білдірді. Компанияның айтуынша, технологияға қолжетімділікті кеңейту пайдаланушылардың деректерін қорғау деңгейін әлсіретуі мүмкін. Apple қазіргі жүйе әзірлеушілерге өз қосымшаларында контактісіз төлемдерді қауіпсіз енгізуге мүмкіндік беретінін алға тартады.

CMA ұсынған өзгерістердің бірі — Host Card Emulation (HCE) технологиясын пайдаланатын қосымшаларға жол ашу. Бұл стандарт төлем картасының қызметін смартфонның өзінде арнайы қауіпсіз чипті пайдаланбай-ақ бағдарламалық түрде іске асыруға мүмкіндік береді. Қазір Apple Ұлыбританияда мұндай тәсілмен жұмыс істейтін сервистерге өз құрылғыларының NFC төлем мүмкіндігін пайдалануға рұқсат бермейді.

Реттеуші жаңа талаптар енгізілсе, нарықта төлем сервистерінен бөлек, цифрлық жеке куәліктер, қоғамдық көлік билеттері және автокөлікке арналған цифрлық кілттер секілді өнімдер де пайда болуы мүмкін деп санайды.

CMA дерегінше, Ұлыбританиядағы төлемдердің бестен екісіне жуығы контактісіз тәсілмен жасалады. Ал тұрғындардың шамамен 60%-ы цифрлық әмияндарды пайдаланады. Бұл нарықта Apple шешімдері кең таралғанымен, балама сервистердің дамуына да мүмкіндік бар.

Еуропалық одақта Apple-дің технологияларына қолжетімділікті кеңейту жөніндегі талаптардан кейін Vipps, PayPal, Klarna, Curve және BBVA секілді компаниялардың балама төлем шешімдері пайда болды. Алайда Apple бұл сервистер жаңа ережелер енгізілмей тұрып та іске қосыла алар еді деп мәлімдейді. CMA болса, Ұлыбританияда Apple әмиянымен тікелей бәсекелесетін балама өнімдердің әлі іске қосылмағанын атап өтті.

Реттеуші компанияның қызметтерін пайдалану бағасы мен шарттарын өзі белгілеуді ұсынбайды. Дегенмен, қолжетімділікке қойылған кедергілерді алып тастау бәсекені күшейтіп, әзірлеушілер үшін шығындарды азайтуы мүмкін.

CMA атқарушы директоры Сара Карделлдің айтуынша, қазіргі жоғары төлемақылар, қатаң шарттар мен техникалық шектеулер жаңа өнімдерді әзірлеуді қиындатып отыр.

CMA мәліметінше, Ұлыбританияның финтех секторы жылына шамамен 288 млрд доллардан астам айналым қалыптастырып, 360 мыңнан астам жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Реттеуші технологиялық кедергілерді азайту осы нарықтағы инновацияны жеделдетеді деп үміттенеді.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *