Ұлыбританияда жасанды интеллект көмегімен деменцияның алғашқы белгілерін анықтап, аурудың даму қаупін төмендетуге бағытталған BRAINIAC зерттеу орталығы құрылады. Жобаға 20 миллион фунт стерлинг инвестиция салынып, алдағы алты жылда ел бойынша 10 ми саулығы клиникасы ашылады, деп хабарлайды Tech-news.
Жобаны Эксетер университеті басқарады. Оның 10 миллион фунт стерлингін Ұлыбританияның Инженерлік және физикалық ғылымдар саласындағы зерттеулер кеңесі (EPSRC) бөледі. Қалған 10 миллион фунтты жеке сектор, қайырымдылық ұйымдары және Ұлттық денсаулық сақтау қызметімен (NHS) серіктестер қамтамасыз етеді.
BRAINIAC орталығы ми саулығын бағалаудың бірнеше әдісін жасанды интеллект арқылы біріктіреді. Жүйе мидың медициналық кескіндерін, генетикалық деректерді, қан биомаркерлерін және когнитивтік қабілеттерді тексеретін цифрлық тестілерді талдайды. Осы мәліметтер негізінде адамның ми саулығы туралы кешенді ақпарат қалыптастырылады.
Жобаға Ұлыбританияның 11 университеті мен NHS-тің 10 медициналық орталығы қатысады. Алғашқы клиникалар 2029 жылы жұмысын бастайды. Бастапқы кезеңде олар дәрігер жолдамасы арқылы келген пациенттерді қабылдайды.
Зерттеушілердің негізгі мақсаты — деменцияны диагностикалау уақытын 30–50%-ға қысқарту және ауру белгілері байқалмай тұрып, қауіп тобына жататын адамдарды анықтау. Жоба аясында тексерілген адамдардың 40%-дан астамында аурудың ерте даму қаупін анықтау көзделген.
BRAINIAC директоры, Эксетер университетінің клиникалық эпидемиология және цифрлық денсаулық сақтау профессоры Дэвид Ллевеллин ауруды ерте анықтау медицинадағы ең күрделі міндеттердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа технологиялар белгілер пайда болмай тұрып-ақ қауіп факторларын анықтап, әр адамға жеке профилактикалық жоспар ұсынуға мүмкіндік береді.
Орталық директорының орынбасары, клиникалық психиатрия профессоры Крис Фокс та ерте диагностиканың маңызын атап өтті. Оның пікірінше, қазіргі емдеу әдістерінің тиімділігі аурудың қаншалықты ерте анықталғанына тікелей байланысты. Сондықтан жаңа жүйелер NHS клиникаларында күнделікті қолдануға бейімделіп, дәрігерлер мен пациенттердің қажеттіліктерін ескере отырып әзірленеді.
Эксетер университетінің мәліметінше, қазір Ұлыбританияда шамамен 982 мың адам деменциямен өмір сүреді. 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,4 миллионға жетуі мүмкін. Ал аурумен байланысты жылдық шығын 90 миллиард фунт стерлингтен асуы ықтимал.
Бұған қоса, Ұлыбританияның зерттеулер мен инновациялар агенттігі (UKRI) деменция диагностикасын жетілдіруге арналған зерттеулерге 80 миллион фунт стерлингке дейін қаржы бөлген. Бағдарламаның мақсаты — 2029 жылға қарай деменцияға күдікпен дәрігерге жолданған пациенттердің 92%-ына 18 апта ішінде диагноз қоюға көмектесетін құралдар әзірлеу.
BRAINIAC — Ұлыбританияда қаржыландырылатын бес жаңа зерттеу орталығының бірі. Жобаға Эксетерден бөлек Кембридж, Оксфорд, Ньюкасл, Суонси университеттері мен Лондон империялық колледжі қатысады. Сондай-ақ Dementia UK және Alzheimer’s Society ұйымдары серіктес ретінде тартылған.
UKRI құрамындағы Инженерлік және физикалық ғылымдар саласындағы зерттеулер кеңесінің атқарушы төрайымы Шарлотта Диннің айтуынша, жаңа орталықтар ғылыми жаңалықтарды медицинада нақты қолдануға бағытталған. Зерттеулер пациенттермен, NHS және технологиялық компаниялармен бірлесіп жүргізіледі.










