Қазақстанның ұлттық павильонында жасанды интеллект гидтері, климаттық мониторинг жүйелері және қалдықтарды қайта өңдеу технологиялары таныстырылды. Сонымен қатар COP31 аясында ел жаңартылатын энергетика мен газ инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жалпы құны шамамен 1,2 млрд доллар болатын келісімдерге қол қойды, деп хабарлайды Tech-news.
Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанның ұлттық павильонын аралап, елдің экологиялық және технологиялық жобаларымен танысты. Көрме тұжырымдамасы табиғи мұраны, қоршаған ортаны қорғау бастамаларын және болашақ технологияларын бір кеңістікке біріктірген.
Павильонның ерекше элементтерінің бірі – Тұран жолбарыстарының бейнесінде жасалған Үміт пен Амур атты интерактивті AI гидтері. Олар келушілерге экспозициялар туралы ақпарат беріп, Қазақстанның экологиялық бастамаларын таныстырады.
Көрмеде орман алқаптарын қалпына келтіру, метан шығарындыларын қысқарту және Каспий теңізі арқылы Еуропаға «жасыл» энергия жеткізу дәлізін құру жобалары да ұсынылған. Бұдан бөлек, литий-ионды аккумуляторларды, пластик пен автокөлік шиналарын қайта өңдеу, қалдықтан энергия өндіру және өнеркәсіптік қалдықтарды азайту технологиялары көрсетілді.
Цифрлық шешімдерге де басымдық берілген. Олардың қатарында өңірлік көміртегі AI-платформасын әзірлеу, ғарыштық технологиялар арқылы климаттық жағдайды бақылау және «Каспий климаттық қалқаны» атты мемлекетаралық бейімделу жүйесін дамыту бар.
Қазақстан павильонының бағдарламасы Солтүстік Аралды қалпына келтіру, Каспий экожүйесін сақтау, жаңартылатын энергияға көшу, көміртегі нарығын дамыту және «жасыл» инвестиция тарту мәселелерін де қамтиды.
Сонымен қатар конференция аясында қазақстандық делегация энергетика саласындағы бірқатар келісімге қол қойды. Құжаттардың жалпы құны шамамен 1,2 млрд долларды құрайды.
Жоспарға сәйкес, Түркістан облысында қуаты 150 МВт, ал Қостанай облысында қуаты 1 000 МВт болатын жел электр стансалары салынады. Сондай-ақ Aqyl Energy жобасы аясында деректерді қашықтан жеткізе алатын 1,35 млн интеллектуалды газ есептегішін орнату көзделген.
Қазақстан қоршаған ортаны қорғау бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі құжаттарға қол қойды.









