TechЭкономика

Binance 6,3 млрд доллар шығынды өтеді: биржа хакерлік шабуылдан кейінгі өтемақыны аяқтады

Әлемдегі ең ірі криптовалюта биржаларының бірі Binance қауіпсіздікке байланысты ірі оқиғадан зардап шеккен пайдаланушылардың шығынын өтеу жұмыстарын аяқтағанын хабарлады. Компанияның мәліметінше, өтемақы көлемі 6,34 млрд доллардан асты, деп хабарлайды Tech-news. 

Binance резервтер туралы Proof of Reserves есебін жариялап, платформадағы активтердің жаңартылған көлемін көрсетті. Бұл есеп биржадағы пайдаланушылар қаражаты мен басқа да активтердің есебін бақылауға мүмкіндік береді.

Зардап шеккен активтердің құнын қалпына келтіру үшін компания өз қаражатын да пайдаланған. Атап айтқанда, Binance нарықта және биржадан тыс сауда арналары арқылы зардап шеккен токендерді сатып ала бастаған. Бұл операцияларға пайдаланушыларды қорғауға арналған SAFU қорының бір бөлігі, фьючерстік саудаға арналған сақтандыру қоры және компанияның жеке қаражаты жұмсалған.

Компания өкілдері қауіпсіздік шараларын күшейтуге және платформаның инфрақұрылымын жетілдіруге инвестиция салуды жалғастыратынын мәлімдеді.

Компания 12 қарашада жаңа Proof of Reserves есебінің бастапқы деректерін жариялады. Есеп 198 криптоактивті қамтиды. Бұл жүйе пайдаланушыларға биржадағы активтердің резервпен қамтамасыз етілу деңгейін тексеруге мүмкіндік береді.

Binance мәліметінше, толық нөлдік білімге негізделген криптографиялық дәлелді (Zero-Knowledge Proof) қалыптастыруға шамамен 40–50 сағат қажет. Осы рәсім аяқталғаннан кейін пайдаланушылар өз активтерінің кемінде 1:1 қатынасында резервпен қамтамасыз етілгенін өз бетінше тексере алады.

Сонымен қатар биржа SAFU қорын қайта толықтырып, оның көлемін шамамен 1 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл қор күтпеген жағдайларда пайдаланушылардың мүддесін қорғауға арналған.

Оқиға 2026 жылғы 29 қазанда басталған. Шабуыл кезінде Binance-тің ыстық әмияндарына (интернетке қосылған криптоәмияндар) рұқсатсыз қол жеткізіліп, шамамен 6,3 млрд долларлық цифрлық актив ұрланған.

31 қазанда АҚШ Федералдық тергеу бюросы (FBI) кибершабуылға Солтүстік Кореямен байланысты TraderTraitor хакерлік тобының қатысы бар екенін мәлімдеді. Тергеу деректеріне сәйкес, шабуылдаушылар ұрланған активтердің басым бөлігін Ethereum (ETH) криптовалютасына айырбастап отыр

Binance-тің 12 қарашадағы ресми хабарламасы активтердің өтемін толық қамтамасыз ету аяқталғанын растайды. Алайда бұл ұрланған криптовалютаның түгелдей қайтарылғанын білдірмейді. Компания пайдаланушылар қаражатын өз резервтері есебінен қамтамасыз еткенін мәлімдеді. Биржадан қаражат шығару қызметі де кезең-кезеңімен қалпына келтірілмек.

Shares:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *